ТМД-ға мүше мемлекеттердің зиялы қауым өкілдері Мәскеуде бас қосты. Ресей астанасында мәдениет, өнер және ғылым саласы қызметкерлерінің 12-ші форумы өтіп жатыр. 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара аясында Достастық елдерінің қоғам қайраткерлері, гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады. Сонымен қатар, осы шара аясында «Достастық жұлдыздары» деп аталатын мемлекетаралық сыйлықтың лауреаттары марапатталды. Биыл мұндай мәртебеге 8 елдің өкілі ие болды.
2017 жыл Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағында «Отбасы жылы» деп жарияланған. Сондықтан, Мәскеудегі шығармашылық адамдары мен ғалымдардың форумында бұл мәселе арнайы талқыланды. Яғни, әрбір елден келген делегация өкілдері отбасы құндылықтарын сақтау, оны ары қарай дамыту ісіндегі өз елінің тәжірибелерімен бөлісіп, арнайы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, жиын барысында гуманитарлық салада атқарылған 2017 жылдағы істердің қорытындысы шығарылды. Содан соң форум аясында өнер және мәдениет қайраткерлеріне «Достастық жұлдыздары» атты мемлекетаралық сыйлық тапсырылды. Мұндай марапатқа біздің елден «Астана опера» театры директорының орынбасары Төлеубек Әлпиев ие болды.
Төлеубек Әлпиев, «Астана балет» опера және балет театры директорының орынбасары:
- Халықаралық қарым-қатынастар, гуманитарлық байланыстар нығая түсіп, елдеріміз арасындағы бейбітшілік, келісім жолында еңбек ету әрбір адамның парызы. Біз міне 25 жыл межеден өттік, осы жылдар мәңгілік еліміздің тарихында қалады. Енді біз жаңа заманға қадам бастық. Ол заманның жарқын болатынына кәміл сенеміз.
Форум барысында Армения Республикасының Горис қаласы «ТМД-ның мәдени астанасы» атанды. Яғни, келер жылы бұл көне шаһарда түрлі мәдени шаралардың өтетіні белгілі. Ал, Мәскеудегі форум әлі аяқталған жоқ, шара ертең де өтеді. 2 күн бойы жан-жақтан жиналған мәдениет саласының өкілдері түрлі көрмелер мен конференцияларға қатысып, өз ойларын айтады. Бір сөзбен айтқанда, бұл форумның басты мақсаты – мәдени саладағы бірлік, татулық, өзара ынтымақтастықтың жолдарын іздеп, ары қарай да бірлесе жұмыс істеу.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ