Еуропа сарапшылары қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтауды бастап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа сарапшылары қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтауды бастап кетті

11.12.2017

Қазақстандағы тың жаңалықты қалт жібермей сырттан бақылап отыратын сыншылар еліміздің бар-жоғы 26 жыл ішінде жаһанға танымал болғанына тәнті. Әсіресе, «Астана-ел Тәуелсіздігінің басты жемісі», - дейді шетелдіктер. Елорданың сәулетіне, дәулетіне таңдай қаққан еуропалықтармен Нұрсұлу Қасым тілдесті.

«Астаналықтар өте қонақжай» деп Романо Проди бізді де есіктің алдынан күлімдеп қарсы алды. Саясаткер елордаға алғаш Италияның Премьер-министрі болған тұста сапарлапты. Еуропалық комиссияға төрағалық еткен жылдары онан кейін де бас шаһарға бірнеше мәрте барған.

Романо Проди, Италияның бұрынғы премьер-министрі:

- Ел астанасын бір қаладан екінші қалаға көшіру оңай шаруа емес. Жеті рет пішіп, бір рет кесетін өте маңызды, әрі жауапты шешім. Кезінде осындай тәуекелге Бразилия барып еді. Қазақстан  Президентінің де идеясына күмәнмен қарағандар болды бастапқыда. Қазір қараңызшы. Қаланың сәулеті қандай керемет. Бір-біріне ұқсамайтын жаңа стильдегі ғимараттар көздің жауын алады. Мен әр барған сайын қала адам танымастай өзгереді.

«Астана - рухы биік халықтың айнасы». Бұл 96 жастағы венгриялық саясаткер Янош Хорваттың пікірі. Ақсақал осы жасқа дейін талай елдің астанасында болыпты. Бірақ, қазақтың бас қаласы- ол үшін бәрінен де ыстық. 

Янош Хорват, Мажарстанның қоғам қайраткері, саясаткер:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең мықты сәулетшілерді шақырып, қысқа мерзім ішінде көркі көздің жауын алатын, ешқандай қалаға ұқсамайтын ерекше елорда тұрғызуы - ерлік. Тіпті, бұл әлем тарихында ойып тұрып орын алатын оқиға дер едім. Мұны мен өз көзіммен көргеннен кейін айтып отырмын. Сондықтан, Қазақстан басшысы мен барша халқын келе жатқан мерекемен құттықтаймын!

Франциялық журналист Антонио Бускардини жұрт мақтаған Астананы биыл жазда өз көзімен көріп, «ТВ5 Monde» телеарнасына арнайы бағдарлама жасады. Шаһарда ЭКСПО қалашығында бір апта түсірілім жасаған тілші Астананың сәулетіне тәнті болыпты.

Антонио Бускардини, франциялық журналист:

- Астананың сәулеті ғажап. Футуристикалық қала - елдің мақтанышы. Осы шаһарда ұйымдастырылған ЭКСПО-ны көріп, Қазақстан павильонына тәнті болғандардың бірі мен. Осындай ауқымды көрме, өзге де халықаралық маңызды шаралардың Астанада өтуі-елорданың саяси салмағын арттырары сөзсіз.

«Астана - Қазақстанның саяси қуаттылығы мен экономикалық әлеуетін паш етіп, жас мемлекеттің әлемдік аренадағы беделін асқақтатты», - дейді еуропалықтар. «Елдің бүкіл тарихын, болмыс-бітімін бойына сіңірген бас қаланың мәртебесі әлі де арта түссін», деп тілейді шетелдік меймандар.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

  

Хабарламаларға жазылу