Мұнай өңдеу саласындағы қазақстандық жастардың саны соңғы 20 жылда едәуір артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай өңдеу саласындағы қазақстандық жастардың саны соңғы 20 жылда едәуір артқан

08.12.2017

Еліміздегі мұнай өңдеу саласында жұмыс істейтін қазақстандық жас мамандардың саны соңғы 20 жылда едәуір артқан. «Олар тек қара жұмыс емес, менеджмент саласында да көбейіп келеді». Бар өмірін мұнай өндіру саласына жұмсаған Руслан Қуатов осылай дейді. Оның айтуынша, өзі басшылық ететін «Теңіз» мұнай кен орнында қызмет ететін қазақстандықтардың үлесі бүгінгі таңда 90 пайызға жуық. 

Руслан Қуатов - Атырау облысының тумасы. Қара алтынның отанында дүниеге келіп, бала кезінен бұрғылау жұмыстарын көріп өскен ол 1988 жылдан бері әлемдегі ең алып кен орындарының бірі «Теңіз» кешенінде жұмыс істейді. Сол жерде 30 жылдай еңбек еткен маман қарапайым технологтан бастап, мұнай-газ өндіру бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілді. Ал, «Теңіз» кен орны еліміздегі ең мықты мұнай өндіру кешені.

Руслан Қуатов, «Теңіз» кен орны Мұнай-газ өндіру бөлімінің бастығы:

- Статистика ретінде қарағанда елімізде өндірілетін мұнайдың 30 пайыздайы «Теңізге» тиесілі.

Осындай білікті мамандар жұмыс істейтін кен орны соңғы уақытта жаңа технологиялардың арқасында өндірісті 12 млн. тоннаға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Олардың 86 пайызы жергілікті тұрғындар. Руслан Қуатовтың айтуынша, 1990 жылдармен салыстырғанда мұнай саласында жұмыс істейтін қазақстандықтар саны екі есе өскен.

Руслан Қуатов, «Теңіз» кен орны Мұнай-газ өндіру бөлімінің бастығы:

- Қазір мамандар да, басшылар да, көбіне қазақтар. 70 пайызға дейін барып қалды. 5-10 жылдың ішінде 80-90 пайызға дейін апаратын боламыз.

Осы мақсатта Руслан Тұржанұлы отандық жас мамандарды оқытып, білгенімен бөлісіп жүр. Сол арқылы елімізді тек мұнайды өндіруші ел емес, өңдеуші ел ретінде нарыққа шыққанын армандайды.

 

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу