Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы Сәдібек Түгелмен сұхбат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы Сәдібек Түгелмен сұхбат

08.12.2017

Ел астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысқанда көп адамның көңілінде күдік болғаны анық. Қызметін ауыстырған талай азамат Ақмолаға жеткенше жол бойы үлкен толғаныста болды. Солардың бірі - мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы Сәдібек Түгел. Елорданың іргесі қаланған алғашқы жылдардағы барлық оқиғалар көз алдында, әлі есінде. Тіпті, Астананың қалыптасуымен байланысты бірнеше кітап жазған.

Туған жеріне жиі барып тұрса да, Астанасын сағынып тұратын азамат Сәдібек Түгел. Қала көз алдында өсті. Әсіресе, ең алғашқы сәттердің қызығы мен шыжығы ұмытылмақ емес. 

Дәл осы теміржол вокзалына келіп түстіңіздер. Тура осы вокзал. Енді осы вокзалдан бастап, орталығына дейінгі аралықты салыстырып өтсеңіз?

Сәдібек Түгел, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Астанаға келгендердің 80-90 пайызы осы вокзал арқылы келді. Ал, салыстырар болсақ, жер мен көктей. Қаланың ортасына келсек, іргесі кіріп кеткен саман үйлер. Енді бір уақыт былай бұрылсаң, қайнаған қауырт жұмыс, үлкен крандар, жұмыс істеп жатқан халық. Содан кейін елдің барлығында құлшыныс, алға деген ұмтылыс, бойларында рух пайда болды. Менің өзімді де жігерлендірді.

Ә дегеннен Астананың қарқынды құрылысы басталып кетсе де, күдікті күшейтер сөздер көп болды. Әсіресе, шетелдік ақпарат құралдарындағы сыни материалдар күшейген сәт. Ол кезде қаладағы БАҚ саны 10-ға да жетпейді. Ал, оған қарсы тұрудың салмағы сол кездегі Баспасөз орталығының жетекшісі Сәдібек Түгелге де түскені сөзсіз.  

Сәдібек Түгел, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Сенімсіздік болды. Соған тойтарыс беру мақсатында батыл шешім қабылдадық. Бүкіл журналистерді шақырдық. Оның ішінде «Франс пресс», «Синьхуа», «ВВС» бар. 1998 жылы 2-3-сәуірде бәрі осында келді. 3-сәуір күні қазіргі Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың қатысуымен баспасөз маслихаты өтті. 255 журналист қатысты. Сол жерде шетелден келгендер жағдайды көзбен көріп, біздің нақты іске кіріскенімізді көріп, әлемге ақпарат таратты. Тек «Рейтер» агенттігі арқылы 80 мемлекетке ақпарат тарады. Сөйтіп 4-сәуір күні солардың қатысуымен «Астана халықаралық баспасөз орталығын» аштық. Мен үшін - тарихи күн.  

Сәдібек ағамыз осындай тарихи күндер мен ерекше сәттерді қағазға түсіріп, бірнеше кітап жазды. Соның бірі - жақында жарық көрген «Астана хикаялары». Кітапта мынадай дерек бар. 1999 жылы 12-қазан күні Астананың оңтүстік-шығыс ауданында Президенттің қатысумен жаңа саябақ ашылады. Елбасы оның атын қою туралы журналистерге ұсыныс тастайды. 

Сәдібек Түгел, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Нұрсұлтан Әбішұлы, «Жерұйық» деп қойсақ қайтеді дедім. Заманында Асанқайғы Желмаясына мініп жүріп, осы араға келіп қазық қаққан. «Мен қолдаймын», деп екі рет айтты. Сол күні жаппай жазылып, радио, телеарналардан айтылды.    

Осылайша, Сәдібек ағамыз бірнеше кітаппен қатар, қаладағы үлкен саябақ атының да авторы атанды. Қазір Астанаға қатысты кезекті кітабын жазып жүр.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу