Қарағандыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай форум өтті

08.12.2017

«Рухани жаңғыру: Жемқорлықсыз қоғам». Осындай атаумен Қарағандыда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай форум өтті. Шараға студенттер, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Әдеп кеңесінің өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. «Біз барынша елге, Отанына адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеуіміз керекпіз», - дейді шараны ұйымдастырушылар. Осы орайда бүгінде өңірдегі барлық мектептер мен жоғары оқу орындарында «Адал ұрпақ» клубтары құрылған. Оған 20 мыңнан астам жас мүше. Ал, «Азаматтық бақылау» жобасы аясында мамандар бірлескен қоғамдық қабылдаулар жүргізеді. Форум барысында жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы үздік бейнеролик, шығарма, эссе, сурет авторлары марапатталды. Бұдан бөлек, «көз қысты, бармақ бастылықтың» алдын алу мақсатында жыл басынан бері өңірдің елді мекендеріне арнайы мобильдік топтар жіберіліп келеді. 

Жандос Сәрсенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің басшысы:

- Бұл мобильдік топтың құрамына тек қана мемлекеттік қызметшілер ғана емес, қоғамның белсенділері, ел танитын азаматтар, бизнес өкілдері кіріп отыр. Олардың барлығы осы мобильдік топпен, арнайы жасақталған машиналармен ауылдарға дейін барады. Мақсаты - еліміздегі жүргізіліп жатқан саясатты түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың бізге қаншалықты дерт екенін насихаттау болып табылады.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу