ОҚО-да 21 жастағы азамат проректордың атын жамылып, 14 млн жинаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да 21 жастағы азамат проректордың атын жамылып, 14 млн жинаған

07.12.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында өзін ЖОО проректорының немересімін деп таныстырған алаяқ 40-қа жуық азаматты алдап соқты. Лауазым иесінің атын жамылған ол ақылы бөлімде білім алатын студенттерді «мемлекеттік грантпен тегін оқуға ауыстырып беремін», деп әрқайсысынан қомақты ақша алған. 21 жастағы Бекзат Дәржанның арбауына түскен бұл студенттер енді не оқуын әрі қарай жалғастыра алмай, не берген ақшасын даулап ала алмай жүр.

Қызын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ақылы бөлімінде оқытып жүрген Гүлзинат Әшімоваға таныстарының бірі Бекзат есімді жігітке ақша берсе, мемлекеттік грантқа ауыстырып беретінін айтады. Жыл сайын оқуына 295 мың теңге төлеп келген отбасы бұған қуана келіскен. Сөйтіп, дереу банктен несие рәсімдеп, әлгі азаматқа 350 мың теңгені қолма-қол ұстатып жібереді.

Гүлзинат Әшімова, жәбірленушінің анасы:

- Мен проректор Дарқан Сабырханұлының немересімін деп айтты. Бірақ, жеме-жемге келгенде оның Бақтыбай дейтін інісінің баласы болып шықты. Нотариустың алдында ақшамызды санап алды. Нотариус арқылы келісімшартқа отырдық. Қолхат жазып берді.

Гүлзинат алданғанын жуырда ғана білді. Қараша айында қызының биылғы оқу ақысына бір тиын да төленбегені туралы қағаз келген. Сөйтсе, сан соғып қалған жалғыз ол емес екен. Дереу ақша алған азаматты іздейді. Таппайды. Ал, оқу орнының проректоры болса, ондай туысының жоқ екенін айтқан. Қайта атын жамылып, алаяқтық жасаған жігітті сотқа бермек.

Дархан Сабырханов, М. Әуезов атындағы ОҚМУ проректоры:

- Мақтарал ауданының азаматы. Қазақта туысқандық көп. Алысты жақын етіп алу. Менің атымды білетін шығар. Бірақ, менің қатысым жоқ.

Ата-аналардың шағымынан соң полиция Мақтарал ауданында тұратын Бекзат Дәржан дейтін азаматты құрықтады. Оның үстінен алаяқтық бойынша іс қозғалды. Күдікті өзінің алаяқтық әрекетін мойындап отыр. Ол жұрттың аңғалдығын пайдаланып, бірер айдың ішінде 14 миллион теңге жиып алған.

Сейітжомарт Сейітхан, Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы полиция бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда жәбірленушілер саны 40-қа жетіп қалды. Олар бойынша әрқайсысынан қолдарындағы тілхаттары мен келісімшарттары тәркіленіп, қылмыстық іске бекітіліп жатыр.

Алаяқ қазір уақытша қамау абақтысында. Тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер пысықайға алданғандар саны мұнан да көп болуы мүмкін деп отыр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу