Елбасы телекөпір кезінде онлайн режимде 25 жобаны іске қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы телекөпір кезінде онлайн режимде 25 жобаны іске қосты

06.12.2017

Индустрияландыру-инновациялық бағдарламасы аясында бүгін елімізде жаңадан 25 жоба ашылды. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір кезінде онлайн режимде іске қосты. Жалпы, өткен 7 жылда индустрияландыру бағдарламасына 5,2 трлн. теңге жұмсалған. Ал, өндірілген өнім көлемінің бағасы 9,5 млрд-қа жетті. 100 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, әлемнің 112 еліне өнім экспортталып жатыр.   

Индустрияландыру бағдарламасының басым бағыттарының бірі минералды шикізатты кешенді өңдеу екенін Елбасы үнемі айтып келеді. Түрлі-түсті металлға бай қазақ жерінде мұндай өндіріс орындары ауадай қажет. Солардың бірі бүгін Ақмола облысында ашылды. Қазақ алтын кәсіпорны жылына 4 тонна алтын шығармақ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл - өте үлкен, қажет жоба. Қазақстан тек шикаізатты шығарумен емес, кенімен де бай. Алтын валютаның негізі. Елімізде 150 кен орындары бар. Сондықтан, сіздерді құттықтаймын. Қосыңдар.

Ауылшаруашылық саласы қазақ экономикасының негізі драйверіне айналуы тиіс. Оған толық мүмкіндік бар. Бүгінде біздің азық-түлікке қызығушы елдер қатары көбейіп келеді. Себебі, өндірілетін өніміміз табиғи таза, ешбір химиялық қоспасыз экспортталады.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен үнемі айтып келемін, ауылшаруашылық саласы Қазақстан өркендеуінің негізгі күшіне айналуы керек. Себебі, халық көбейіп жатыр. Біз өңдей алмай, ешқайда шыға алмаймыз. Бізге өте қажет.

Жыл басында елімізде ескі көліктерді қабылдау науқаны басталған еді. Осы күнге дейін бағдарламаға 40 мың адам қатысып, тозығы жеткен темір тұлпарларымен қош айтысты. Бүгін сол ескі көліктердің металын өңдейтін зауыт іске қосылды. Өндіріс орны 9 айда салынып, жылына 50 мың машинаны бөлшектеуге қуаты бар. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл - Қазақстандағы ең алғашқы жоба. Еліміз Тәуелсіздік алған тұста бізде 700 мың ғана авто болған. Ал, қазір 5 млн-ға жетті. Олар ескіреді. Экологияға зиянын тигізеді. Ал, сіздер осы ескі көліктерді жойып, қажетті металын алып, іске жаратасыңдар. Егер бізде көліктердің 18 түрі шығарылатынын ескерсек, сіздердің жұмыстарыңыздың болашағы зор.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан арқылы бүгінде 5 теміржол, 6 тас жол дәлізі өтеді. Оның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»  жобасы бар. Бұл бағыттағы жүк тасымалдау уақыты 14 күннен 10 күнге дейін қысқарған. Еліміздің транзиттік әлеуметін арттыратын жобалардың қатарына бүгін Құрық порты қосылды. Бұл жерден енді жылына 1 млн. 200 мың тонна жүк жөнелтілмек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы. Әрқайсысы өте үлкен шаруа. Ұрпаққа мәңгілікке қалатын нәрсе жасалып жатыр. 50-100 жыл өткенде осы жолмен елдің бәрі жүретін болады. Сол кезде бабаларымыз салып кеткен деп айтып жүреді. Оның бәрін Еуропада естіп жүрміз. Сондықтан, ұлы жобаға қатысқандарың үшін құттықтаймын! Елге үлкен жақсылық жасадыңдар.

Осылайша, телекөпір барысында 25 жоба іске қосылып, 7 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Елбасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада дамыған елдермен ынтымақтастықты нығайтудың қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен арнайы Премьер-министрдің орынбасарын осы іске жауапты етіп қойдым. Ол маған ай сайын қандай компанияның цифрлы бағдарламаға көшкенін баяндап отырады. Республикалық газеттер оны жазып, телеарналар қандай өндіріс орындарының жұмысы тоқтап тұрғанын жариялауы қажет. Тағы бір маңызды қадам - адами капиталды дамыту қажет. Бұл - үлкен жұмыс. Адами капиталды дамытпайынша, ешқандай индустрияландыру болмайды. Жастарды оқыту керек. Оларға мүмкіндік жасап, барлық университеттер атсалысуы тиіс.

Бүгінде Қазақстанның 18 компаниясы шетелде 12,5 млрд. долларын сақтап отыр. Олардың ішінде «Теңізшевройл» 4,5 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз» 3 млрд, «Азия газ құбыры» сияқты ұлттық компаниялар өзге елдің экономикасын жарылқауда. Мемлекет басшысы Үкіметке шетелге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ескертемін. Егер Премьер-министр шеше алмаса, өзім кірісемін.

 

 Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу