Соған сай, қаламыз да кеңейіп, жаңа ғимараттар мен кешендер салынады. Біздің арна тілшілерімен кездескен «Астана қаласының бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәрсембек Жүнісов осылай деді. Бас қаланың бас архитекторы көлік кептелісі проблемасы қалай шешілетінін айтып берді. Сондай-ақ, келер жылы Есілдің оң жағалауымен сол жағалауын жалғайтын 2-көпірдің құрылысы аяқталуы тиіс.
2030 жылға дейін Астананың қос жағалауын жалғайтын көпірлердің саны 19-ға дейін жетеді. Әзірге 5 көпір бар. Әуелде сәулетшілер Астана халқының саны мұндай қарқынмен өседі деп болжамаған. Халық санымен қатар көлік те көбейді. Салдарынан таңертең кешке кептелістен қашып құтыла алмайсың. «Ірі қалалардың нәубеті болған кептелісті жеңетін жалғыз жол халықты жеке көліктен қоғамдық көлікке отырғызу», - дейді мамандар.
Сәрсембек Жүнісов, «Астана қаласының бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Көпір аз, көшелер толық ашылмаған. Содан бір көшеге салмақ түседі. Неге қазір «Бас Лэйн» деген жолақты қосып қойдық? Жол өзі аз болып жатса, одан ары кішірейтіп тастадық қой? «Бас лайн»-ның идеясын түсіну керек.
Жеңіл рельсті транспорт. Халық арасында ЛРТ деп аталатын көлік-кептелісті біршама азайтпақ. Бірінші кезеңде әуежай мен жаңа темір жол бекетінің арасы қосылады. Ұзындығы 20 шақырым. Құрылыс келер жылы аяқталуы тиіс. Мұнымен ЛРТ тоқтамайды. Әрі қарай екінші, үшінші деп жеті бағыт бойынша жолдар жүйесі салынады.
Мәулет Әлібаев, «Астана қаласының бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының шеберхана басшысы:
- Алты метр биіктікте болады. Кейбір көшелерде ол жерге түсуі мүмкін. Жердің астына түспейміз. Шығын.
Тағы бір маңызды кешен ол ботаникалық бақ. Бас қаланың өкпесіне баланған жасыл желек 2018 жылдың соңына дейін игілікке беріледі. Ал, сәулетші Сантяго Калатрава ұсынған күмбез астындағы қалаға қатысты Елорданың бас сәулетшісі былай деді.
Сәрсембек Жүнісов, «Астана қаласының бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Калатрава өз идеясын айтты. Ол купол бола ма, әлде екі жағынан іле ме. Ол тек қана идеядан іске асқанша көп уақыт. 5-10 жылда салынуы мүмкін. Ол тез салына салатын нәрсе емес. Өте үлкен.
1997 жыл. 10 желтоқсан. Дәл осы күні Президент жарлығымен Ақмола Қазақ елінің жаңа Астанасы атанды. 20 жылда Елорда адам танымастай өзгеріп, әлемдік астаналар көшінен ойып тұрып өз орнын алды.
Ғабит БӨКЕНБАЙ