Алматы облысындағы Жаркент крахмал-сірне зауытында өндіріс қарқын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Жаркент крахмал-сірне зауытында өндіріс қарқын алды

05.12.2017

Қондырғыларын жаңартқан кәсіпорын биыл 100 мың тоннадан астам жүгері қабылдап, одан 30-ға жуық әр түрлі өнім шығаруда. Өңірдегі индустриялды-инновациялық бағдарламасының алғашқы қарлығашы биыл терең өңдеу технологиясымен тамақ өнеркәсібіне қажет фруктоза өндіре бастады.

Биыл жетісулық жүгері өсірушілер аста-төк өнім алды. Бұрындары дала аруына сұраныс болмай қар астында жатып қалатын. Ал, қазір 2 мыңдай шаруа қожалығы жүгеріні зауытқа өткізіп, қолма-қол ақшасын алуда. Шикізатқа қарық болған кәсіпорын да күн-түн демей жұмыс істеуде.

Мұрат Мелікбаев, оператор:

- Өзгеріс бар. Бәрі жақсы. Қондырғылардың бәрі Түркиядан келген. Бұрынғыға қарағанда r-ktv үлкейді.

Жаңа қондырғылар орнатылып, кеңейген зауыттың еңбек өнімділігі де екі есеге артты. Тәулігіне 300 тонна жүгері өңделеді. Бұл жерде крахмалдан бастап, сірненің бірнеше түрі, мал азығына қажет қоспалар шығарылады.

Кәсіпорынның биылғы жылғы жаңа өнімі глюкозды-фруктозды сірне. Жалпы, фруктозаны тәтті және газдалған сусындар өндірісінде кеңінен қолданады. Ал, осындай өнімді ТМД елдерінде тек үш-ақ жерде ғана шығарады. Екеуі Ресей мен Украина болса, үшіншісі осы зауыт.

Қазір отандық фруктозаға еліміздегі ірі сусын өндіретін кәсіпорындар үлкен сұраныс беруде. Себебі, осы уақытқа дейін олар шет елден алып келді. Сондықтан, сапасы арнайы зертханада жіті тексерілгеннен кейін бірақ өндіріске жіберіледі.

Альмира Якупова, зертханашы:

- Глюкозды-фруктозды сірненің дайындалуы онша қиын емес деп айтуға болады. Себебі, крахмал сүтінен алынатын кәдімгі басқа сірнелер сияқты алынатын сірненің бір түрі болып есептелінеді. Басқа сірнелерден айырмашылығы ол тәтті және сұйық.

Мұндағы қондырғының 80 пайызы автоматтандырылған. Өндіріс жаңарған соң зауыт жылына 350 мың тоннаға дейін жүгері дәнін өндіруге қауқарлы.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу