Нәсібін кәсіптен тапқан жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нәсібін кәсіптен тапқан жан

05.03.2014
Нәсібін кәсіптен тапқан жан

Қарағандылық кәсіпкер Венера Исинаның бизнес саласында жүргеніне 20 жылдан асты. Осы уақыт аралығында өзі басқарып отырған қазақтың ұлттық киімдері мен той жасауларын тігетін шағын цехы үлкен фирмаға айналды. Ендігі арманы - шаруашылық шеңберін кеңейтіп, үлкен тігін фабрикасын ашу.

 
Венера Исина бизнеске келген 90-шы жылдары елде кәсіпкерліктің тұралаған тұсы еді. Соған қарамастан қазақтың ұлттық киімдері мен той жасауларын, естелік бұйымдарды шығаруды қолға алды. 
 
Мекемелер мен кәсіпорындар, өнер адамдары, оқу орындарынан сұраныс түскенімен, жиналған қаражат қарамағындағы 5-6 жұмыскердің айлығы мен басқа да шығындардан аспапты. Бастаған жұмысын аяқсыз қалдырмайтын табанды жан шаруасы ілгерілегенше талай қиындық көріпті.
 
Венера Исина, жеке кәсіпкер:
Қиын кезеңдер болды. Бірақ, оған мойыған жоқпыз. Өзіміздің көңілімізге ұнаған жұмысты істегеннен кейін, әр тіккен дүниемізге қуанып, 5 жылдың ішінде 10-15 адамға жеттік.
 
Раушан Жылтыбаева - осы Венера Исина басқарып отырған фирмасының ең алғашқы тапсырыс берушілерінің бірі. Қарқаралының «Салтанат» ән-би ансамблі Голландия, Болгария, Франция сынды алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапармен шыққан кездері ұжымға ұлттық киім қажет деп талай қолқа салып келген еді.
 
Сол халықаралық байқауларда қазақстандық өнер ұжымының сәнді киімдері талай шетелдік көрерменнің таңдайын қақтырып, жүлделі орындарды да жеңіп алған.
 
Раушан Жылтыбаева, Қарқаралы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
Біздің киімдерімізге қызығып, суретке түсті. Ұлттық киімдерімізге осылай қызығушылық танытқанда, әрине, қуанамыз.
 
Бүгінде ұлттық киімдер ел ішінде үлкен сұранысқа ие. Мекеменің жұмыс істеу технологиясы да біршама жақсарған. Қолмен кесіп-пішу мұнда жоқ. Немістің, қытайдың тігін аппараттарымен тапсырыстарды тез-ақ орындайды.
 
Бас-аяғы 40-тан астам жұмыскері бар ұлттық Сән үйі қазір аяғына нық тұрған. Болашақта 300-дей адам еңбек ететін үлкен тігін фабрикасын ашсам, дейді кәсіпкер.  
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу