Кәсіпкерлердің несие алуы жеңілдей түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлердің несие алуы жеңілдей түсті

30.11.2017

Ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің несие алу үрдісі жеңілдей түсті. Оған «ҚазАгро» ұлттық холдингі енгізген электрондық жүйе сеп болып отыр. Яғни, алдағы уақытта  ауыл-аймақтағы шаруалар кәсібін дамытуы үшін несие аламын деп қалаға бармайтын болды. Үйде отырып-ақ, жарты сағаттың ішінде бизнестің болашағына қажетті қаржыны рәсімдей алады.

Қамза Есжанов -  Ақмола облысындағы Петровка елді мекенінде шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Жаз бойы малы бар ауылдастарынан сүт жинап, келісілген компанияға апарып тапсырады. Кооператив басшысы бұл мақсатта арнайы техника мен қажетті құрал-жабдықтарды да реттеп қойған. Ал, «ҚазАгро» холдингі енгізген жаңашылдықты естігелі бері жаңа жоспарлары пайда болғанын жасырмайды.

Қамза Есжанов, «Петровка-1» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы:

- Бұрын несие алғанда Көкшетау қаласына баратынбыз. Ол осы жерден 300 шақырым. Қазір электронды портал ашқалы жеңіл болды.

Қамза Есжанов сияқты несие алушылар өтініштерін холдинг компанияларына бармай-ақ, үйден тапсыра алады. Яғни, уақыт пен қаржы шығындарын азайтады.

Дана Төкенова, «ҚазАгро» холдингі автоматтандыруды дамыту департаментінің директоры:

- Кәсіпкерлер несие алу өтініштерін тапсырып, оны алғанға дейін барлығын өздері қадағалай алады. Осылайша, алаяқтық пен жемқорлық фактілерінің алдын алады. Сондай-ақ, қағазбастылық та азаяды. Шаруалар несие алуға тапсырыс бергеннен соң өтініштері 20-30 күн ішінде қаралады.

Электрондық форматтағы несие өтініштерін тапсыру жеңіл. Ол үш қадамнан тұрады. Ең алдымен, тұтынушы «ҚазАгро» ұлттық холдингінің интернет-порталында мақсаты мен тиісті бағдарламасын таңдап, құқығын белгілейтін құжаттарды бекітуі қажет. Кейін қарыз алушы өтінімін «Жеке кабинетінде» бақылайды. Ал, қажет болған жағдайда несие өтінімін өзге де  құжаттармен толықтыруға мүмкіндігі бар.   

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу