«Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясының экс-топ менеджері, Астана мен Алматы қалалары әкімінің экс-орынбасары болған Қанат Сұлтанбеков сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған әскери сот Қанат Сұлтанбековке қатысты істі бір айдан астам уақытта қарады. Коммерциялық құпиялар жария етілетін болғандықтан, сот отырысы жабық түрде өтті. Сұлтанбеков аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған болатын. Енді ол жазасын барынша қатаңдатылған түзеу мекемесінде өтейді және бұған дейін алған «Құрмет» орденін қайтарып алу бойынша Президенттің атына қаулы жолданады. Сұлтанбековтен бөлек, 8 адам сотталды. Олардың ішінде кәсіпкерлер мен Қорғаныс министрлігінің экс-қызметкерлері де бар.
Баязид Дәрібаев, ҚР Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соттың судьясы:
- Сұлтанбеков Қанат Таңатарұлын Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлімі бойынша және 55-баптың 2-бөлімі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы және өмір бойы мемлекеттік органдар мен мемлекеттік үлесі бар акционерлік қоғамдар мен холдингтерде жұмыс істеуге тыйым салу туралы үкім шығарады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ