Көлікті тіркеу тәртібі жеңілдетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлікті тіркеу тәртібі жеңілдетілді

27.11.2017

Автокөлік иелеріне жақсы жаңалық. Бүгіннен бастап көлікті тіркеу тәртібі өзгерді. Енді көлікке газ орнатсаңыз немесе жаңа көлік сатып алсаңыз, көлікті тексертудің қажеті жоқ. Тек құжаттарды апарып, барлығын рәсімдей аласыз. Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап тек тартымды нөмірлерді ғана емес, бірдей сериалы әріптерді де сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Бүгіннен бастап Қазақстанда ресми тіркелген автодиллерлерден жаңа көлік сатып алсаңыз не болмаса төлқұжаттағы аты-жөніңіз бен тегіңіз өзгерсе, көлік құралын тексертіп әуре болмайсыз. Тек құжаттарды ғана алып барсаңыз болғаны. Бүгінге дейін көлікті тексерістен өткізіп, мемлекеттік нөмірді де ауыстыру керек еді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

- Яғни, бұл халыққа жеңілдетілген жағдай жасау мақсатында іске қосылған өзгерістер. Бүгіннен бастап ҚР барлық өңірлерінде осы бұйрыққа сәйкес қызмет атқарылады.

Сондай-ақ, бүгінге дейін көлікті қайта жабдықтаған кезде де оны тексертіп, жаңа техкуәлік, нөмір алу керек болатын. Енді бұл тәртіп жойылды. Енді тек көліктің құжатын ғана өзгеріп, оған қосымша жазба жазылады.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетіің ресми өкілі:

- Автокөлігіңізді қайта жабдықтағанда, мысалы, газ орнатасыз немесе қосымша бір багажник орнатасыз деген сияқты т.б өзгерістер енгізілген жағдайда Ішкі істер органдарының тіркеу емтихан бөлімдеріне немесе мамандандырылған ХҚКО-тарына өткізесіз де, көлікті міндетті қараудан өткізбейсіз.

Ал, жаңа жылдан бастап, ерекше сұранысқа ие нөмірлерден бөлек, бірдей сериалы әріптерді де сатып аласыз. ІІМ бұйрығына сәйкес, мұндай сериалы әріптердің бағасы 137 мың теңге көлемінде. Жалпы, жыл басынан бері қазақстандықтар ерекше сұранысқа ие нөмірлер үшін 1 321 млн. теңге төлеген.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу