Қазақ елі ежелден кез келген дау-жанжалды ар өлшеміне салып шешкен. Алматыда «Ұлттық сана жаңғыруы және тарихи тұлғалар өнегесі» атты басқосуға қатысқан заңгерлердің ортақ ойы - осы.
Олардың сөзінше, қала және көшпелі өркениетті қатар дамытқан бабаларымыз жер дауы мен жесір дауын әділ шешіп, жұрттың сенімін ақтаған. Сондықтан, би-шешендерге жүгінген қарапайым халық оларды төрге шығарып ардақтаған. «Ал, қазіргі жаһандану үрдісіне бет бұрған заманда сол бабалар өнегесінен үлгі алсақ жаңылмаймыз», - дейді судьялар. Сол себепті, тарихи оқиғаларды терең зерттеп, ұлы тұлғалардан тағылым алу қажет. Сонда қазіргі сотқа деген көпшіліктің сенімі нығайып, құрметі артады.
Серікбай Түлепбергенов, Наурызбай аудандық сотының төрағасы:
- «Жаны саудың тәні сау», дейді. Судьялар шешім шығарғанда, үкім шығарғанда Конституцияға бағынады және ішкі дүниесімен адал, әділ шешімдер шығарылып жатады. Оның барлығы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ