Сыр елінің халқы 12 жылдан бері уақыт өлшемінің қолайсыздығын сезініп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінің халқы 12 жылдан бері уақыт өлшемінің қолайсыздығын сезініп келеді

23.11.2017

Себебі, 2005 жылдан бастап «қысқы» және «жазғы» уақытқа ауысу тоқтатылған. Қазір жұртшылық сол 1 сағат алға жылжыған уақытпен өмір сүруде. Яғни, таңертең бір сағат ерте тұрады. «Ал бұл, географиялық белдеуге сәйкес қалыптасып қалған биологиялық уақытты  бұзу адамның өмір сүру дағдысына, денсаулығына, көңіл-күйіне кері әсер етеді, тіршілік ырғағын бұзады», -  дейді мамандар.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Қазір сағат 8. Көшелердегі жарық болмаса, айнала тас қараңғы. 8 жарымда басталатын сабаққа үлгеру үшін бала 6-да ұйқысынан оянады. Ал, ол бұрынғыша, сағат 5 деген сөз. Таңғы 4 пен 6 арасындағы уақытты дәрігерлер ең тәтті ұйқының уақыты деп есептейді.  

Уақыттың қолайсыздығы ең алдымен, балаларға қиын. Біріншіден, ұйқы қанбаса, екіншіден, олардың өміріне қауіп бар. Яғни, ересектердің жұмысы сағат 9-да басталады. Демек, сағат 7 мен 8-дің арасында көшеде үлкен кісілер өте сирек. Сондықтан, балаларды көлік қағып кетуі немесе  басқа да  қылмыстық әрекеттер осы таңғы уақытта жиі болады.  Бір сағат ерте басталған сабақ бір сағат ерте аяқталады, оқушы үйіне ерте қайтады. Есесіне ұйқыға кеш жатады.

Ұлтай Ешімова, педагогика ғылымдарының кандидаты: 

- Уақыт жылжығаннан кейін, түнгі 1-2-ге дейін ол ұйықтамайды. Ал, ұйықтамағаннан кейін таңертең ұйқысы қанбайды. Екіншіден, оның тамаққа тәбеті жоқ, мектепке аш бала барады.  Ұйқылы-ояу, бала миы оянбағандықтан, ақпаратты қабылдай алмайды.

Осындай түрлі келеңсіздіктерге орай өңірде жұмысшы комиссиясы құрылды. Оның мүшесі Болат Нұрқожаев бұл мәселені 12 жылдан бері зерттеп, оның тиімсіздігін құзырлы орындарға дәлелдеп, айтып  жүрген азамат.  Ол әлемдік ғылыми зерттеулерге сүйенеді. Дәрігерлер де дабыл қағады. «Адамды өз географиялық уақытымен таң атпай тұрып үнемі мәжбүрлеп тұрғызу созылмалы аурулардың өршуіне, обыр, қан тамырлары жүйесі ауруларының, суицидтің көбеюіне  себеп болады», - дейді. Оның әсері әсіресе, күзгі, қысқы уақыттарда ерекше сезіледі. Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі де осыны көрсетті. Респонденттердің 32 пайызы бір сағаттық айырмашылықтың денсаулыққа кері әсері бар екенін айтса, 27 пайызы ұйқы бұзылды деп жауап берген. 

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Адамдардың ұйқышылдығы, бас ауру симптомдары өңірімізде жылдан-жылға қатты сезілуде. Таңертең балабақшаға, мектепке баратын 250 мың бүлдіршіндер мен оқушылардың ұйқысынан табиғи уақыттан 1 сағат ерте тұруы балалардың денсаулығына, сабақ үлгеріміне кері әсер ететінін дәрігерлер де, мұғалімдер де үнемі айтып келеді.

Бұл - Мұрат Бақтиярұлының Үкіметке жолдаған депутаттық сауалы. Сенатор «ешқандай қаржылық шығынды қажет етпейтін мәселе оң шешімін тапса», - дейді. Себебі, бұл - бүкіл Сыр халқының ұсынысы. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу