1 миллион долларды қалтасына басқан алаяқ әйел сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 миллион долларды қалтасына басқан алаяқ әйел сотталды

23.11.2017

Ақтаулықтарды алдап соғып, 1 миллион долларды қалтасына басқан алаяқ әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Украина азаматшасы 2014 жылдан бері «Форте лайн» деген атпен жалған инвестициялық қор ашып, «пәтер алып берем» деген желеумен жалған келісім жасаған. Бірнеше жыл бойы тұрғындарды әбігерге салып, тақырға отырғызып келген.

Аида Болатбаева, Ақтау қалалық сотының судьясы:

 - Кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылсын. Оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілсін. Мүлкі тәркіленсін.

72 маңғыстаулықты сан соқтырған алаяқ әйел 6 жылын темір тордың әр жағында өткізеді. Сонымен бірге, оның дүние-мүлкі тәркіленіп, алданған тұрғындардың 1 миллион долларын өтеу де міндеттелді. Қылмыскердің құрығына түскен тек Маңғыстау өңірінің тұрғындары ғана емес сыңайлы.

Марина Каплан, қорғаушы:

- Қылмыстық іске тіркелген құжаттарда, әлеуметтік желідегі жазбаларында Бурлакованың Қазақстанда 2009 жылдан бері алаяқтық қылғаны көрінеді. Сондықтан, Қазақстанның басқа да қалаларында зардап шеккендер болуы мүмкін. Жалпы, біз сот үкіміне қанағаттандық.

Украиналық Елена Бурлакова құрған «Форте лайн» инвестициялық қоры арқылы жүздеген адам депозит ашқан. Алайда, тұрғындар жылдар өткен соң ғана алданғандарын түсінген. Анықтай келе, бірде-бір құжаттың заңды күші жоқ болып шыққан. 

Эльмира Нұрбердиева, қала тұрғыны:

 - Бізге ешкім ақшамызды бермейді. Не үйіміз жоқ, не пәтер жоқ.

Сот үкімі шықса да, тұрғындардың көңілі күпті. Пәтер аламын деп жиып-теріп берген ақшаларының қайтатынына күмәнді.

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу