Екібастұз қаласында оқушыны алдап-сулап үйіндегі алтын бұйымдарды алдырған мектеп мұғалімі жұмыстан босатылды. «Анамды емдетуге ақша керек», - деген желеумен ол 11-сынып оқушысынан жалпы құны 600 мың теңге тұратын қымбат әшекейлерді алған. Сөйтіп, алаяқ мұғалім бағалы заттарды ломбардқа өткізген. Арада бір ай уақыт өткеннен соң ғана оқушының ата-анасы алтын бұйымдардың жоғалғанын байқайды. Қазір полиция мән-жайды анықтап жатыр.
Алмагүл Ықыласова, облыстық Білім беру басқармасының бөлім басшысы:
- Мұғалім баладан алтын бұйымдарды сұрап, қайтарамын деп уәде берген. Белгіленген уақытта алтындарды қайтара алмағандықтан, бала мектеп әкімшілігіне барған, ал баланың ата-анасы полицияға шағым түсірді. Мұғалім жұмыстан босатылды. Тергеу жүргізілуде.
Болат АМАНБАЕВ