23 жастағы Еламан Есмахановты осыдан тура бір ай бұрын жүргіншілер жолында көлік қаққан. Абырой болғанда, апат кезінде сол жерден өтіп бара жатқан жедел жәрдем тоқтап, бірден ауруханаға жеткізген. «Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты», -дейді мамандар. Санаулы секундта жас жігіттің өмірін құтқарып қалған мамандармен тілшіміз жүздесіп келді.
Ауыр жарақат салдарынан көп қан жоғалтқан Еламан Есмаханды жолдан жолыққан жедел жәрдем 8 минутта ауруханаға әкелді. Оң жақтан қатты соққы алған науқастың бүйрегі мен бауырына зақым келген. Екі аяғы мен жамбасы сынған. Дәрігерлер бірден қан құйып, шұғыл операция жасап, науқасты ажалдан аман алып қалды.
Айдос Қонқаев, Травматология-және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
- Жағдайы өте ауыр болып түсті. Жарақаты тым көп. Ішкі ағзалары зақымданған. 100 пайыз қан жоғалтып келді. Егер алыс-шалғай жер болса, қайтер еді.
Оқиға осыдан бір ай бұрын Астананың шет көшелерінің бірінде болған. Еламан қазір есін жиып, тілге келді.
Еламан Есмаханов, қала тұрғыны:
- 20 метр қашықтыққа ұшып кеткем. Құдайдың құдіреті шығар, жедел жәрдем де келіп қалды.
«Жолы болған жігіттің жедел жәрдемі алдынан шықты». Сол күні өзге науқасты ауруханаға жеткізіп, бекетке беттеген Жандос Алдабергеновтің бригадасы алғашында жиналған адамдар төбелесіп жатыр деп ойлаған. Бір көмек болар деп аялдаған мамандар апатты жағдайға куә болды.
Жандос Алдабергенов, Фельдшер:
- Шокта жатты. Қағып кеткен. Ашық жарақаты бар. Алғашқы көмек көрсетіп, бірден ауруханаға жеткіздік.
Осы орайда жедел жәрдем қызметінің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін әр секунд санаулы. Дегенмен, көбінесе көлік кептелісі кедергі болып жатады. Біз көлік жүргізушілерінің жедел жәрдемге деген құрметін көзбен көрмек үшін бірге жолға шығуды жөн көрдік.
Жолға шықтық. Темір тұлпарлардың тебісін көрдік. Кейбірі жедел жәрдем дыбысын естіп, тартынған болды. Ал, енді бірі керісінше жарысып әлек. Байқағанымыз, басым бөлігінде еш әсер жоқ.
Мырзалы Әбдіраманов, көлік жүргізушісі:
- Біздің мигалканы естігенде жол берсе дейміз. Жаңадан салынған үйлердің алдында шлагбаум қойған. Соны дұрыс ашпайды. Одан кейін жолға бетон қойып қояды.
Ал, Еламанды қаққан азамат оқиға орнынан алғашында қашып кеткенімен, кейін келіп кешірім сұраған. «Сол күні тұтқиылдан жолыққан жедел жәрдем көлігі болмағанда Еламанның қазіргі жағдайын болжау да қиын еді», - дейді мамандар. Сондықтан, көшеден 103 көлігін көрсеңіз, жол бергеніңіз абзал. Өйткені, оның ішінде Еламандай бір адам өмірмен арпалысып жатуы әбден мүмкін.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ