Астана іргесіндегі ондаған елді мекен Ақмола облысына қарайды. Бүгінде осы аудандардың халі мүшкіл. Бірі жолдың жоқтығынан қиналса, енді біреулері су мен жарықтың тапшылығына шағымданады. Сондай ауылдардың бірі – Қараөткел. Өткен аптада Ақмола облысының әкімі баспасөз мәслихатында бір аптада аймаққа барып жағдайды анықтаймын деген еді. Сол уақыттан бері жергілікті тұрғындар аймақ басшысын күнде күтеді. Ауылдың мәселесі шешіле ме?
Бақытжан Омар, тілші:
- Бұл шалғайда жатқан ауыл емес. Астанадан небары 10 шақырымдай жерде орналасқан елді мекен. Қараөткел деп аталады. Бұл ауылдың жағдайы мәз емес. Жергілікті тұрғындар жолдың, судың, жарықтың жоқтығына назданады.
Қаратөткел ауылы көпшілікке Ильинка атымен танымал. Мыңдаған тұрғыны бар. Халықтың саны жыл санап артып келеді. Алайда, қаладан Астана іргесіне қоныс тепкендер көп ұзамай бармақ тістеп қалды. Жүрейін десе жолы, ішейін десе суы, жағайын десе жарығы жоқ.
Қайрат Жампозов, ауыл тұрғыны:
- Жолды айтса, тағы да күлкі. Астананың іргесінде тұрамыз. Мынау сұмдық қой.
«Жол мәселесі жылдарға созылған жырға айналды», - дейді тұрғындар. Әсіресе, көктем мен қыс мезгілінде халықтың ығыры шығады. Айнала батпаққа айналып, адам түгілі көліктің жүруі қиын.
Қараөткелдіктер аудан әкімшілігіне қанша шағымданса да, мәселе шешімін таппаған. Жолдың жоқтығынан оқушылар бірнеше шақырым жерді жаяу жүріп, батпақ кешіп, мектепке әрең жетеді. Оның үстіне жағдайды ауылда жарықтың жоқтығы қиындата түседі. Қараөткелдегі тағы бір күрделі мәселе – ауызсудың тапшылығы. Былтыр жергілікті әкімшілік құбырлар жүргізіп, «жақында су келеді» деп уәде берген.
Қараөткел тұрғындарының шағымын өткен аптада журналистер Ақмола облысының әкіміне жеткізді. Баспасөз мәслихатында өңір басшысы осы аптада ауданға келіп жағдайдың мән-жайын анықтаймын деп уәде берген еді.
Алайда, әкім аймаққа әлі келмеді. Тұрғындар аймақ басшысының жағдайды өз көзімен көрсе, мәселенің тез шешілетініне үмітті. Десе де, әкімнің ауылдарды нақты қашан аралайтынын дөп басып айту қиын.
Бақытжан ОМАР