Қарағанды облысында бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары өздері отыратын кеңселерін элиталық жағдайға ыңғайлап алған. Тіпті кейбірінде жуын бөлмелері, қосымша сыртқа шығатын есікке дейін бар. Өңірге қызметтік сапармен барған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев осылай деп сынға алды. Шахтинск, Саран, Теміртау қалалары мен Осакаров, Абай аудандарында болған Шпекбаев облыстағы жол салу, көшені жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарының сапалы атқарылғанын атап өтті. Бірқатар әлеуметтік мекемелер мен Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, біраз шаруаның тындырылғанына көз жеткізді. Ал, кеңсесін керемет етіп алған Шахтинск, Теміртау қалалары мен Осакаров ауданының мемлекеттік қызметкерлері сынға ілікті.
Алик Шпекбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
-Теміртау, Шахтиснк қалалары, Осакаров ауданының Мемлекеттік кіріс мекемесі басшыларының жұмыс кеңсесінде бөлек демалыс бөлмесі бар. Тіпті, әжетхана мен жуын бөлмесі, сыртқа шығатын бөлек есік сынды барлық жағдайы жасалған. Бұл заңға мүлде қайшы. Облыстық басқарма басшысының қабылдау бөлмесінің өзі 10 шаршы метрден аспауы керек. Ал, сіздердің кей мекеме басшылары 50-60 шаршы метр кеңселерде отыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ