Астанада ерекше «Қарттар үйі» ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ерекше «Қарттар үйі» ашылды

16.11.2017

Қарттар үйі десе көз алдымызға қасіретті қарт, қатыгез ұл елестейді. Алайда, Астанада мұндай қағиданы өзгертетін орталық ашылды. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы маусым айында қарияларға арнап күндізгі бөлім ашты. Мұнда қарт адамдардың көңілін аулап, уақытын тиімді өткізуге болатын түрлі үйірмелер бар.

Бұл мекеме атын ғана емес, затын да өзгерткен. Ерекшелігі сол мұнда қариялар өз еркімен келеді. Он бес адамға арналған күндізгі бөлімге қазір он екі адам күнделікті келіп-кетіп тұрады. Соның бірі 80 жастағы Тамара Горбунова. Ол орталыққа «негізінен тәнімді емес, жанымды емдеуге келдім», дейді.

Тамара Горбунова, зейнеткер:

- Мен мұнда келгенде менен «қандай ауру мазалайды?» деп сұрады. Ешқандай дертім жоқ, тек жаным ауырады дедім. Қазір жалғыз тұрамын. 1,5 жыл бұрын алпыс жыл отасқан күйеуімнен айырылып қалдым. Ал, мұнда өзіме әңгімелесіп, шүйіркелесетін достар таптым.

Таңертең жиналған зейнеткерлер таңғы асын ішіп болған соң емдеу-дене шынықтыру залына қарай асығады. Әр қарияның жеке қызығушылығы бар. Мәселен, зейнеткер Виктор Пауков гүл өсіріп, табиғатқа жақын болғысы келеді екен.

Виктор Пауков, зейнеткер:

- Мұндай орталықтың бар екенін кездейсоқ біліп қалдым. Айықтыру-оңалту үшін барлық шаралар жасалған. Зейнетке шыққан соң денсаулығымды жақсартуға көңіл бөліп жатырмын. Бұған дейін жүрек талмасына ұшыраған болатынмын. Қызметкерлердің барлығы ұнайды. Үлкен кітапханасы да жақсы.

Қариялар кітапханаға жиі жиналып, ортақ тақырыптар бойынша пікірталас өткізіп тұрады. Бұдан бөлек, құммен емдеу терапиясы, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері бар. Тіпті, өз араларында шахмат бойынша чемпионды да анықтап қойыпты. Ал, үлкен бассейн залы – олардың ең жиі баратын орны.

Сәуле Қазыбекқызы, әлеуметтік бөлім маманы:

- Мұнда келген адамдарды қызмет алушылар деп атаймыз, олар түрлі қызмет түрлерін ала отырып, өздерінің өмірге деген көзқарастарын өзгертеді, көңіл-күйлері көтеріледі. Біз оларды еңбек терапиясына да тартамыз.

Орталық қызметкерлері қариялардың өмірге құштарлығын арттырып, олардың күйзеліске түсіп кетпеуін басты назарда ұстайды екен. Сондай-ақ, «жалғыздықтан жабырқаған, уақытын көңілді өткізгісі келетін жандарға есігіміз ашық», дейді.

Хабарламаларға жазылу