Қазақстандық банктер туралы жалған ақпарат таратқандар анықталды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық банктер туралы жалған ақпарат таратқандар анықталды (толығырақ)

19.02.2014
Қазақстандық банктер туралы жалған ақпарат таратқандар анықталды (толығырақ)
Еліміздің Бас прокуратурасы банктер туралы  жалған ақпар таратқан тұлғаларды анықтады. Қаржы институттарының банкротқа ұшырайтындығы туралы хабар банк саласындағы ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған.
 
Сондықтан, ойнаймын, деп отқа ұрынған азаматтар қылмыстық жауапкершілікті айтпағанда, жазасын заңда бекітілген материалдық шығынмен де өтейді. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі мәлімдеді.
 
Айта кетейік, теңге бағамына қатысты түзету енгізілгеннен кейін әлеуметтік желілерде бірнеше банктің банкрот болатыны туралы қауесет тараған еді. Банктер жөнінде жалған хабар бар жұртты дүрліктірді.
 
Ести сала, кімнің салымы бар, банктерге ағылып, жаппай депозиттеріндегі қаржысын қайтарып алуға тырысты. Салымшыны да, банктерді де әбігерге салған жаңалықтың себепкерлері енді Заң алдында жауап береді.
 
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
Банктердің қаржылық жағдайы туралы жалған ақпарат таратқандарды анықтау жөнінде жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Бірқатар тұлға анықталды, оларға қатысты қажетті тексеру шаралары жүргізілуде.
 
Ұлттық банк те бұл мәселеде қол қусырып отырған жоқ. Қазір жалған хабарлама кесірінен шыққан шығын көлемі есептелуде. Қайрат Келімбетовке 10 банктің басшысы жағдайларының тұрақты екенін растаған. Валютаға сұраныс өте жоғары, бірақ, бақылауда. Ұлттық банк төрағасы шындыққа жанаспайтын ақпарды арандатушылық, дейді.
 
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Еліміздегі барлық қаржы институттарындағы қаржылық жағдайдың тұрақты екендігін тағы да айтамын. Бүгін Қазақстандағы 10 банктің өкілдерімен кездестім. Барлығы да бүгінгі күнгі үлкен сұрасысқа қарамастан валюталарының жеткілікті екендіктерін айтып отыр. Ал, кешегі жалған ақпаратқа қатысты, арандатушыларды анықтау үшін біз Бас прокуратураға жүгіндік. Қазір құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жақын күндері біз бұл келеңсіздікті ұйымдастырушылардың кім екенін білетін боламыз.
 
Ұлттық банк болжамынша, теңге курсына жүргізілген өзгерістің арқасында ағымдағы жылы еліміздегі экономикалық өсім 7 пайызға жетеді. Ал инфляция деңгейі 6-8 пайыз көлемінде сақталады.
 
2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті қолдауға 1 триллионнан аса қаржы бөлінбек. Сондықтан, Ұлттық банк төрағасы қаржы секторының болашағы мен оның дамуына сеніммен қарап отыр.
 
Ұлттық банкке ақпардың жалған екенін жеткізіп хабарласқан 10 банктің бірі - «ЦентрКредит». Өткен 25 жыл ішінде бұл қаржы институты халықтың сеніміне ие болып, тұрғындарға ипотекалық несие беру бойынша көш басында келе жатыр. Акционерлері де беделді. Оңтүстік Кореяның «Кукмин» банкі мен Халықаралық қаржы корпорациясы.
 
Владислав Ли, «ЦентрКредит» банкінің басқарма төрағасы:
Біз салымшыларымыз бен тұтынушыларымыздың талап-тілектерін бірінші орынға қоямыз. Сондықтан, мұндай заңсыздыққа жол бермейміз. Бұл - нақты дәйектері жоқ негізсіз хабарлама. Банк бүгін де, алдағы уақытта да үздіксіз жұмыс істейді.
 
Ербол Әбдуғалиев, «АТФБанк» АҚ Басқарма мүшесі:
Бұл әрине, жалған ақпарат. Теріс сыбыс таратып, мүмкін көпті дүрліктіру арқылы белгілі топ өздеріне пайда таппақ болған сияқты. Меніңше, бұл жағдай елдегі банк жүйесіне еш әсер етпейді. Біздің салымшылар мен клиенттеріміздің банкке деген сеніміне селкеу түсірмейді.  
 
«Альянс» банкіндегі де жағдай тұрақты. Акциясының 67 пайызы мемлекетпен қорғалады, яғни, сенімді.   
 
Әліби Досманов, «Альянс Банк» АҚ Астана қалалық филиалының директоры:
Бүгінгі таңда «Альянс» банк штаттық режимде жұмыс істеуде және өз клиенттерінің алдында барлық міндеттемені толығымен орындап жатқандығын айтқым келеді.
 
Михаил Ломтадзе, «Каспий банк» АҚ Басқарма төрағасы:
Біріншіден, біз жұрт арасында дүрбелең тудырған жалған ақпарат пен СМС- хабарламаларды үлкен жауапкершілікпен қабылдап, екі мәселені алға қойып отырмыз. Алғашқысы - біз прокуратураға жүгіндік, екіншіден, дүрбелеңді туғызған және оған тапсырыс берген арандатушылар жөнінде кімде-кім ақпарат берсе, соған 100 миллион теңге ақшалай сыйақы беруді жарияладық. Менің ойымша, бұл адамдарды тауып, заң шеңберінде жазалау қажет.
 
Соңғы 10 жылда бірде-бір қазақстандық салымшы қалыпты күнді айтпағанда, ғаламдық дағдарыста да ешқандай зардап шекпеді. Қазір де қаржылық жағдай тұрақты.   
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу