Жыл басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 77 мың баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл баспанаға қол жеткізу үшін әр тұрғынның кемінде 150-200 мың теңге табысы болу қажет. Алдағы жоспарға сәйкес, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 6 мыңға жуық пәтердің құрылысы басталды. Бұл сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық баспана. Екінші бағыты аясында 60 мың жер учаскесіне желілер тартылуда. Бүгінде Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкімен келісімшартқа сәйкес салымшылар саны 1 миллионға жеткен. Ал, екінші деңгейдегі 5 банк халыққа жаңа тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беруді жүргізіп жатыр. Олар қазіргі уақытта 7,9 млрд. теңгенің 797 өтінішін қабылдаған.
Мархабат Жайымбетов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Жыл сайын 15 жылдың ішінде 10 млн. шаршы метр үй іске қосылатын болады. Ол яғни, жылына 100 мың баспана. Республикамыз үлкен құрылыс алаңына айналды деп айтуға толық негіз бар.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ