Бұл туралы Парламент Мәжілісінде Бас прокурор Жақып Асанов айтты. «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері» туралы заң жобасын таныстырған ол жобаның 3 артықшылығын атап көрсетті. Олар - адам құқықтарын қорғау, қылмыстық процесті тездету және жауапкершілікті арттыру.
Индира Бегайдар, тілші:
- 1990 жылдары елімізде түрмеде отырғандардың саны 105 мың болса, қазір 35 мың адам. «Статистика бұрынғыдай ауыр емес», - дейді Бас прокурор. Жаңа құжатқа сәйкес экономикалық қылмыс жасағандар бірден қамауға алынбайды. Ал, қаржылық пирамидаға қатысы барлар, қылмыстық ұйымдасқан топ және жалған ақша жасағандар бірден темір тордың ар жағына жөнелтіледі.
Бұл заң құқық қорғау органдарының құзіретін күшейтпейді, керісінше мойнына міндет жүктейді, адам құқығын қорғайды. Мәселен, соттың санкциясынсыз азаматтарды ұстау мерзімін 72-ден 48 сағатқа қықсарту көзделуде.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген қылмыстық істер үшін бұл мерзім 48 сағатқа дейін, жасы 18-ге толмағандар үшін 24 сағатқа дейін кемігелі отыр.
Яғни, тергеушіге артылар жүк ұлғаяды деген сөз. Ол 48 сағаттың ішінде істі дәйек-дәлелімен прокурорға апарып, азаматтың кінәсіне көзін жеткізуі тиіс.
Егер азаматтарға өздеріне қатысты жасырын тергеу жүргізілсе, онда міндетті түрде ескертіледі. Бұдан былай, бас-аяғы жоқ қылмыстық істі қозғауға болмайды. Ең алдымен, аудиттің, ревизияның ресми актісі керек және ол актіде келтірілген залал мен оның мөлшері қылмыстық кодекске сай болуы тиіс. Ендігіде тергеу қандай іс тек сол дерек бойынша жүргізіледі.
Былтыр тергеушілер 15 мың адамды қамау туралы өтінішпен прокурорларға келді. Бірақ, 3,5 мың адам прокурордың шешімімен тергеу кезінде қамалған жоқ. Қылмыстық процесті сандық форматқа ауыстыру көзделуде. Нәтижесінде жемқорлық азаяды. Прокурорға, сотқа тергеушінің жұмысы ашық болады. Өйткені, пейілін пенделікке жегізген кейбір құқық қорғау қызметкерлері де бар. Тіпті, 20-ға жуық прокуратура қызметкері жауапқа тартылуда. Адам құқығын сақтау - басты міндет.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өткен жылы біздің комиссияға түскен 1500 арыздың 30 пайызы сот, прокуратура ұсынымдары шешімдерімен келіспейтінін айтып, шағымданады.
Сондай-ақ, ұсақ қылмыстар бойынша шешім шығару процесі де 15 күннен 6-9 күнге қысқармақ. Тергеу кезінде екі тарап та барлық құжаттарды, фактілерді жасырмауы тиіс. Кекшілдіктің келешегі жоқ. Құжаттың тиімді тұстары көп.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған заң жобасы қылмыстық процестерді айтарлықтай жаңғыртуға алып келеді. Құжаттың нормалары үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған. Сондай-ақ, Конституциялық реформа мен Елбасының «Ұлт жоспарын» жүзеге асыру үшін бағытталып отыр. Прогрессивті заң ең алдымен адам, оның өмір бостандығы басты құндылығы ретінде қалыптасқан құқықтық мемлекет ретінде имиджін қалыптастыруға сеп болады.
Құжатты депутаттар бірауыздан бірінші оқылымда мақұлады. Ал, Бас прокурор егер заң осы жылы қабылданса, келер жылдан қалдырмай, осы жаңашылдықтарды енгіземіз деп уәде берді.
Индира БЕГАЙДАР