Оралда мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйлердің жертөлесі суға толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйлердің жертөлесі суға толды

15.11.2017

Оралда мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған баспаналардың сапасы сын көтермейді. Жертөлелер суға толып, салдарынан қабырғасы қақырап, іргесі сөгіле бастаған. Былтыр ғана су жаңа үйге қол жеткіздік деп қуанған тұрғындар енді төбесі опырылып түсе ме деп қауіптеніп отыр. Жол төсеу, жарық шамдарын, қоқыс жәшігін орнату, балалар алаңы, көлік тұрағын салу шаруалары да үй құрылысымен қатар жүрмей, тыс қалған.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

 - Көлге айналған жертөле. Бұл мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үйдің астыңғы бөлігі. Бұл жерде жай аяқ киіммен жүру мүмкін емес. Тек етікпен ғана кіріп, мәселенің мәнісін ұғуға болады.

Бұл былтыр ғана тапсырылған жаңа үй. Жертөледе жиналған судан бірінші қабаттағы пәтерлерден сыз білінеді. Жағымсыз иіс қолқаны қабады.

Мейірбек Бекесов, Орал қаласының тұрғыны:

 - Кәріз жүйесінің суы түгелімен жертөлеге кетіп жатыр. Әр пәтерде иіс шығады.

Жаңа үй абаттандырылмаған. Не жол, не көлік тұрағы жоқ. Тротуар төселмеген, аула жарықпен қамтылмаған. 

Бұл да өткен жылы берілген баспана. Мұнда да жертөле суға кетіп, салдарынан пәтерлердің қабырғасы жарыла бастаған. Тұрғындардың айтуынша, жаңа үйдің құрылысында кем-кетік көп.

Құрманғазы Ермұханов, Орал қаласының тұрғыны:

 - Сырты бүтін де, іші түтін. Мына үйдің жертөлесіне су кетеді. 

Алтынай Жусанбаева, Орал қаласының тұрғыны:

 - Үйдің ешқандай да сапасы жоқ. Қарағандыдағы Бесоба сияқты біздерде де осы құлап қала ма деген қорқыныш бар.

Мөңкеұлы көшесіндегі бірнеше үйдің жайы осындай. «Дымқыл тартқан пәтерлердің төбесі әлсін-әлі көгеріп, жасаған жөндеуден қайран жоқ», - дейді тұрғындар. Бұған не себеп?

Әлібек Исманов, Орал қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

-Кем-кетіктер құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде, әрі тұрғындардың салақтығынан да кеткен. Ал, 79 үй бойынша біз «Алтим» мердігер компаниясын сотқа бердік.  8 наурызға дейін ол кемшіліктерді жою керек. Абаттандыру, жол салу 2018 жылы аяқталады.

Қалаға қарасты Зачаган кентіндегі жаңа шағын ауданда барлығы 40 үй салу жоспарланған. Кейнігі 5 жылда 28-і тұрғызылды. Бүгінде тағы 8-і бой көтеріп келеді. Құрылысқа қаражат «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары арқылы бөлініп отыр. Алайда, «үйлердің санымен қатар сапасына да көңіл бөлінсе», - дейді тұрғындар.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу