Оңтүстік Қазақстан облысында екі Күн электр станциясы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында екі Күн электр станциясы салынады

15.11.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында германиялық және голландиялық инвесторлардың қаржысына екі бірдей Күн электр станциясы салынады. Оның құрылысына жалпы сомасы  157 миллион еуро жұмсалмақ. Осы келісімге сай облыс әкімдігі шетелдік инвесторлармен арада меморандум түзді. Екі жоба да өңірдің күнгейіндегі Мақтаарал ауданында жүзеге асырылады. Неміс инвесторлары ұсынған жоба бойынша Күн электр станциясы Жетісай қаласындағы қоқыс полигонының аумағына салынады. Өндірілген қуат көзінің негізгі бөлігі қалдықтарды өңдейтін кәсіпорынның жұмыс істеуіне жұмсалады. Құрылыс осы айдың соңында басталмақ. Ал, голландиялық инвесторлардың жобасы тек баламалы қуат өндіруге бағытталған. Мұнда 100 мегаваттқа дейін қуат өндіріледі.

Станцияны салу үшін аумағы 300 гектар жер бөлінді. Қазір  рұқсатнама құжаттары әзірлену үстінде. Бұл жобалар 2018-2019 жылы толығымен аяқталып іске қосылмақ. 

Данияр Толыбаев, Мақтаарал ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Ауданымыздың мұқтаждығы 25-30 мегаватты құрайтын болса, қыс мезгілінде ол 45-50 мегаватт. Біздің осы жоспардағы жобамен өндірілген электр қуаты өзіміздің ауданның сұранысын толығымен қамтып, одан артылғанын сыртқа экспорттауға мүмкіндік болады. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу