Павлодарда студенттер іздеушісі жоқ жандарға қолұшын созуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда студенттер іздеушісі жоқ жандарға қолұшын созуда

14.11.2017

Күн суытып, ызғар түскелі Павлодардағы «тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» қаңғыбастарға лық толды. Іздеушісі жоқ жандарға студенттер де қолұшын созуда. Олар кезбелерге аптасына екі мәрте монша жағып, күн сайын ыстық тамақ үлестіреді. Ал, қайырымдылық жасауға қажетті қаржы мемлекеттік грант арқылы бөлінген.

Баспанасыз адамдар көбіне мешіт, шіркеу маңын торуылдайды. Сондықтан, ыстық тамақ үлестіру үшін белсенді жастар тобы осы аумақтарды әдейі таңдапты. Түскі уақытта кәдімгідей дастархан жаяды.

Мақсат Рүстемханов, «Үй» әлеуметтік жобасын ұйымдастырушы:

- Бізге  1 млн. теңге көлемінде грант бөлінді. Бұл қаржы баспанасыз адамдарды тамақтандыруға жұмсалады. Достарым «Қайырымдылық автобусы» жобасы бойынша тағы 1 млн. теңге ұтып алған болатын. Солармен қосылдық. Өйткені, суықта адам тамақ ішпесе, ауруға шалдығады.  

Павлодарда белгілі тұрағы жоқ жандардың саны екі мыңнан асады. Кейбірі еті үйреніп кеткен кезбелік өмірін өзгерткісі келмейді. 

Валентин Применко:

- Демалыссыз маған өте қиын. Маған үнемі демалу керек. Тынығып алып, көшеде қыдырамын. Жұмысқа орналасуға асығудың қажеті шамалы деп білемін. Осы өміріме разымын.

Бұл «Самал» сауықтыру орталығының үйі. Белсенді жастар қоқыс жағалаған қаңғыбастардың кейбірін осында әкеледі. «Барар жер, басар тауы жоқ» бірақ, дұрыс жолға түсуді қалайтындар осында келуді ұйғарады. Солардың бірі - Жәнібек Жағыпаров. Ол екі апта бұрын жеке құжат алуға өтініш берді. Күніне екі мәрте дәрігерге қаралады.  

Жәнібек Жағыпаров, «Жылы үй» мекемесінің тұрақты тұрғыны:

- Көзім шайдай ашылғаны рас. Арағын да, сырасын да, даласын да түгел ұмыттым. Ішкен кісі жексұрын ғой. Түгелінен айырылдым. Бәрі менен безіп кетті.   

Грант арқылы бөлінген қаржы желтоқсан айына дейін ғана жетеді. Ал, көше кезіп, қоқыс терген бейбақтарға, қыс қаһарына мінгенде тіптен қиын. Сондықтан, студент жастар оларға дер кезінде көмектесу үшін қазірден бастап демеушілерді іздеуде.  

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу