Тоғыз жолдың торабына орналасқан Шу ауданы өнеркәсіптің дамуы бойынша аймақтар арасында көшбасшы. Былтыр бұл салада 9 жарым миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Табыс бұрынғыдан екі есе көп. Елбасының биылғы Жолдауында Үкіметке үдемелі индустриалды даму бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру тапсырылды.
Алдағы бес жылдың ішінде Шу ауданы химия кластерінің орталығына айналмақшы. Өңірде «Тараз» химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы құрылды. Мұнда химия өнімдерін шығаратын 16 өндіріс орны салынады.
Шу ауданындағы ірі өндіріс орнының бірі - локомотив жөндеу зауыты. Былтыр арнайы тапсырыс бойынша мұнда маневрлі локомативтің 18 данасы құрастырылды. Биыл да зауыт өніміне сұраныс жасап жатқандар бар.
Ең бастысы - локомативтерді құрастыруға қажетті бөлшектерді бүгінде өндіріс орны өзі шығара бастады. Отандық өнімнің үлесі артып келеді.
Алғашында керекті бөлшектердің 95 пайызы Қытайдан әкелінетін.
Марат Нұрбаев, зауыттың бас инженері:
2013 жылы қазақстандық өнім 31,8 пайызға жетті.
Өңірдің өндірісі енді химия өнеркәсібін дамытуға бағыт алды. 500 гектар аумақты алып жатқан арнайы экономикалық аймаққа 2,6 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция салынбақшы.
Шығарылатын өнім негізінен ішкі нарыққа лайықталған. Аймақтың инфрақұрылымын жүргізуге байланысты жуырда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлескен жұмыс жоспары бекіді.
Владимир Калмыков, «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының департамент директоры:
Бүгінгі күні химиялық зауыт саламын деген 4 инвестор бар. Олардың жобалары дайын. Натрий ционидін, гербицид шығаратын болады. Арнайы аймақта кәсіпорын салғысы келіп, қызығушылық танытып жатқан кәсіпкерлер көп. Біз олардың ішінен сұранысы жоғары өнім шығаратындарын таңдап аламыз.
Ірі өндірістер шоғырланған аймақ өңірдің экономикасын өсірумен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да сеп жасайтын болады.
Ержан Өмірәлиев, Шу ауданы әкімінің орынбасары:
Зауыт жұмыс істеп кеткен кезде қазіргі есеп бойынша 2,5-3 мыңға дейін халық сол жерде жұмыс істейтін болады. Соның бәріне жергілікті халық қосымша тартылады деп есептеп отырмыз.
Өндірісті өркендету - білікті маманға тәуелді. Сондықтан қазірден бастап кәсіпорындарға қажет мамандарды дайындау ісі қолға алынды.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
|