Кіші кәсіпкерлікті дамытудың тың тәсілі. Астанада былтырдан бері «1000 сауда орны» жобасы жүзеге асуда. Ол бойынша кез келген адам құжат тапсырып, көкөніс, гүл немесе азық-түлік сататын дүңгіршек аша алады. Қазірдің өзінде 500-ге жуық адам бұл мүмкіндікті пайдаланып, тірлік бастады. Тағы 100-ге жуық жер телімінің тізбесі жасақталды. Оларды кәсіпкерлерге беру келесі аптада басталады.
Мирнағы Назаров - бұрынғы теміржолшы. Арыс қаласының тумасы, қазір Астанада кәсіпкер. Гүл сататын дүңгіршекті «1000 сауда орны» жобасы арқылы жыл басында алды. Қазір табысы жаман емес. Екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Тағы осындай бірнеше дүңгіршек ашу жоспары бар.
Қазір қалада осындай 462 сауда нүктесі бар. Кәсіп бастаймыз дегендерге кедергі жоқ. Алдағы аптада әкімдік осындай жүз шақты жер учаскесін бере бастайды. Ол үшін тапсырыс бересіз. Барлық ақпарат «Смарт Астана» сайтына жарияланған. Ешқайда барудың да қажеті жоқ, шаруа электронды қолтаңбамен бітеді. Сайтта таратылатын жер учаскелерінің картадағы орны, оның арнаулы мақсаты мен қажет құжаттар тізімі жарияланған. Мысалы, мынау азық-түлік сататын он жер учаскесінің тізбесі. Олардың орналасатын көшесі мен көлемі және жалға беруінің жылдық ақысы көрсетілген.
Сәкен Әділбеков, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкері:
- Бір жылдық ақысы 1 шаршы метр жерге 20 мың теңге. Келісімшарт 7 жыл мерзім. 6,5 жыл да болуы мүмкін. Бүгінгі таңда 110 жер телімін шығарып отырмыз. Соған кісілер 1-15 қараша аралығында құжаттарын тапсырып, ары қарай конкурс өтеді.
Әкімдік бұл жоба арқылы көшедегі заңсыз сауданы жойып, көлеңкелі бизнестен құтылуды көздейді. Жоба басталғалы қазынаға 600 миллион теңге қаржы түсіп, мыңға жуық адам жұмыс тапқан.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ