«Кеспебай» атауымен отандық кеспе шығарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Кеспебай» атауымен отандық кеспе шығарыла бастады

10.11.2017

Астана іргесінде 5 минутта әзір болатын ас шығарыла бастады. Кеспе көпшіліктің сұранысына ие болғандықтан, оны өндіруді кәсіпкер дұрыс деп шешеді. Ал, қаржылық ұйымдар сауда сөрелерінен Ресей, Қытай немесе Кореяның тауарларын ығыстырып, экологиялық таза өнім ұсынғасын қолдау танытты. «ҚазАгро» холдингінің қолдауымен салынған комбинаттың жылдық қуаты  - 30-дан 60 млн-ға дейін кеспе дайындау.

Жасалу жолы қарапайым. Тек бір артықшылығы, жұмысты толық озық технология атқарады. Алдымен қамыр иленіп, сосын жазады. Одан әрі будан өтіп, бөліктерге бөлініп, ақыр аяғы қорапқа салынады. Бұдан соң сатылымға дайын. «Отандық кеспе шетелдікінен кем түспейді», -дейді кәсіпкер.

Алмас Зарипов, «KazBrand»  ЖШС бас директоры

- Барлығын таза сапамен шығарғанбыз. Дәмі жақсы. Бағасы 130 теңгенің төңірегінде.

Технология тізгінінде қазір 30-ға жуық маман бар. Негізі 100-ден астам адам қызмет етуі керек. Бұл іркіліс комбинат толық қуатына көшкенде реттеледі. Сөйтіп, жылдық өнім 30-дан 60 млн-ға дейін артатын болады. «ҚазАгро»-ның қаржылай қолдау көлемі 900 млн. теңгені құрайды.

Бауыржан Сәбитов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры:

- Жобаны қаржыландырмас бұрын біз оның тартымдылығын, тиімділігін, түсім түсіре алатындығын ескереміз. Экономикалық қана емес, технологиялық әлеуетін де сараптаймыз. Жобаға біздің институт 981 млн. теңге құйды. Бұл - өңдеуші кәсіпорын. Ұн отандық, ал, дәмдеуіштері әзірге шетелден жеткізіледі. Дегенмен, көп ұзамай оны да өзімізде шығаратын боламыз.

Биыл республика бойынша қайта өңдеу картасы жасақталды. Оған 435 кәсіпорын енді. «KazBrand» компаниясы соның құрамында. Бағдарлама құрылмай тұрып мәселелі тұстар көп болыпты. Қазір бақылау мен қатар қолдау қарастырылған.

Бақдәулет Қалкөзов, ҚР АШМ Қайта өңдеу және ауылшаруашылығы өнімі нарықтары департаментінің сарапшысы:

- Негізінде талдау қорытындысы бойынша осы қайта өңдеуде 1 трлн ақшаға дейін жоғалтылады екен. Соны қолға алу мақсатында. Екіншіден, 7000-нан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Мемлекетке салықтық төлемдер 171 млн теңгені құрайды деп жоспарланып отыр.

Сатылым таңбасының атауы  - «Кеспебай». Осы атаумен Астана және оның айналасындағы өңірлер тұтынады. Ал келешекте басқаша маркамен экспортқа шығару жоспарланған.

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

Хабарламаларға жазылу