Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі этнос өкілдері қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын дайындаудан өзара сайысқа түсті. Олар қазақтың төңкерме, жөргем, жоңқа, көмбе, үлпершек, бұқпа, мипалау, қазан жаппа, құрт көже сынды түрлі ұлттық тағамдарын өздері әзірлеп, оны пісірудің әдіс-тәсілін көпшілікке үйретті. Сондай-ақ, фестиваль аясында этномәдени бірлестік мүшелері мақал-мәтел айтып, асық атудан сайысты.
Үлпершек - малдың жүрегінен әзірленетін қазақтың ұлттық тағамы. Дастарханнан аса сирек табылатын бұл асты бүгін корей ұлтының өкілдері пісіріп әкелді. Ішіне ұсақтап туралған ет және іш май салынған бұл тағам – ұлтымыздың кәделі асының бірі. Корей ұлтының өкілдері оның дайындалуын ғана емес, кімге арнап пісірілетінін де айтып берді.
Ал, грузин ұлты болса, көмбе деп аталатын ұлттық тағаммен дастарханның сәнін келтірді. Олар бұл тағамды әзірлеу үшін алдымен ескілікті жадында жақсы сақтаған көнекөздермен әңгімелескен. Астың дайындау тәсілін солардан үйреніпті.
Кирилл Русанов, грузин этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Тағамның басты ерекшелігі - еттің табиғи дәмі мен сөлі сол күйі сақталған. Қарын ішіндегі қозының етіне ешқандай қосымша дәмдеуіш салған жоқпыз. Мұнда тек ет, пияз және тұз ғана. Осының өзі-ақ тағамға тіл үйретін дәм беріп тұр.
Сан түрлі ұлт. 20 дастархан. Бірақ, барлығындағы ас мәзірі біреу. Қазақтың ұлттық тағамдары. Төңкерме, жөргем, жоңқа, бұқпа, қарын бөртпе, қазан жұқпа секілді ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдар дастарханға қойылды. «Достық дастарханынан» дәм татқан көпшілік мұнан соң қазақтың ұлттық ойыны асық атуды тамашалады. Сақасын сайлаған балалар бір-бірінен ептілігін асырды.
Ұлттар арасындағы татулық - мемлекеттің байлығы, ал дастархан - елдің дархандығы. Қазақы салт-дәстүр жаңғырған бұл кұнде ересектер де қарап қалмады. Қазақша ән шырқады. Мақал-мәтел айтып, сайысқа түсті.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ