Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерінің үстінен тағы бір іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерінің үстінен тағы бір іс қозғалды

18.02.2014
Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерінің үстінен тағы бір іс қозғалды
  Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы департаментінің директоры Мақсұт Бақтыбаевтың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ол бұған дейін,  яғни өткен жылдың 30-желтоқсанында  мекеме бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысынан 720 мың теңге пара алу үстінде ұсталған.
 
Ол кезде Бақтыбаев кәсіпкерге мемлекеттік сатып алу келісім-шартына қол қойғызуға көмектесем деп уәде еткен. Осы жылдың алтыншы қаңтарында жемқор шенеуніктің тағы бір ісі әшкере болды.
 
Мұрат Жұманбай, Қазақстан Республикасы  Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі:
Оған қызмет бабын пайдаланып, бағынышты мекеме, яғни «Мал шаруашылығы және ветеринарияның ғылыми-инновациялық орталығы» ЖШС-не пайда алып беру мақсатында басқа кәсіпорынның заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтіру арқылы айырылған пайда түріндегі 19,5 миллион теңгеге залал келтірді деген айып тағылуда.
 
Жемқорлыққа қатысты былық білім саласында да баршылық. Биылғы жылдың 23 мен 27-қаңтарында Білім және ғылым министрлігінің лауазымды тұлғаларының үстінен 26 миллион теңге бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша 3 бірдей қылмыстық іс қозғалды.
 
 Қолды болған қаражат Ақтөбе, Атырау, Талдықорған және Шымкент қалаларында балалар мен жастар қозғалысын дамытуға бөлінген болатын. Қазір қылмыстық істер тергелуде, нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жеткізілетін болады.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу