Қазақстандық стартаптар Лиссабонда өткен веб-саммитте жоғары бағаға ие болды. Халықаралық шарада талантты жастарымыз екі ауқымды жобаны ұсынды. Соның бірі салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған. Арнайы тренажерға отырып, 4 D көзілдірікті киген адам виртуалды тренердің көмегімен жаттығуды тауда немесе табиғатта, өзен-көлде жасағандай әсерге бөленеді.
Екінші стартап - жеке инвестициялық робот. Жоба авторларының айтуынша, мобилді қосымша халықаралық қор биржаларындағы акциялар бойынша түрлі ақпаратты өңдей алады. Әрі осы жүйенің арқасында қай компанияға қаржы құйып, мол пайдаға кенелу жайлы мағлұматқа қол жеткізуге болады, - дейді стартап иелері.
Жанболат Қайырғожин, жобаны жасаушы:
- Қазір нарықта біздікіне ұқсас жобалар бар. Бірақ, біздің бағдарламамыз олардан әлдеқайда жетілдірілген. Инвесторлар үшін қор нарығында пайда табу үшін қаржы құятын компанияны дұрыс таңдау өте маңызды. Осы ретте біздің мобильді қосымшамыз толық ақпаратты береді және алдын ала болжам жасауға қауқарлы. Саммитте сарапшылар жобамызға жоғары баға берді.
Ілияс Исатаев, стартап иесі:
- Веб-саммит біз сияқты стартаптар үшін күшті платформа. Себебі, кешегі тұрғанымыздың арқасында 5-6 халықаралық инвесторлармен таныстық және бүгін солармен кездесулер өткізіп жатырмыз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ