Павлодарда  резеңке қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда  резеңке қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын ашылды

10.11.2017

Павлодарда резеңке қалдықтарынан дайын бұйымдар шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды. Өңірде автошиналарды өңдейтін мұндай өндіріс орны бұрын-соңды болмаған. Алдағы уақытта кәсіпорын жол құрылысына қажетті қоспаларды дайындай бастайды.

Тілші:

 - Мына станок автокөліктің тозған дөңгелектерінің темірін кесіп, қайыс жіптерін суырады. Содан кейін таза резеңке бөлшектеліп, ұсатылады. Құрылғы материалды келесі станокқа әкеледі. Дәл осы жерде әбден уатылып, арнайы желімге салынады. Сөйтіп қалыптарға құйылады.

Евгений Басенко, технолог:

- Жіксіз, тұтас формалы бұйымдар шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта  «лего» ойыншығы тәрізді құрастырылмалы өнім дайындауды жоспарлап қойдық. Бұлар негізінен спорттық жаттығу залдарына және балалардың ойын алаңдарына  арналған жабындылар.  Жолға да төсеуге болады. Ең басты ерекшелігі қауіпсіздігінде. Адамды жарақаттан қорғайды.

Қалдықтан жасалғанымен өнімдердің сапасы жоғары. Ыстық пен суыққа бірдей төзімді. Бастысы, бұл - аймақтағы автошиналарын өндейтін алғашқы кәсіпорын. Негізі, экологиялық талаптар бойынша көліктердің тозған резеңке дөңгелектерін иесі жоюға міндетті. Бірақ, бұл талапты орындап жатқандар некен-саяқ. Бақылау болмаған соң, кез келген жерге тастап жүре береді.

Сергей Григорюк, кәсіпорын директоры:  

- Жүргізілген зерттеулерге қарағанда Павлодар облысында жыл сайын 2025 мың тонна көлік дөңгелектерінің қалдығы жиналады екен. Біздің кәсіпорын соның 2 мың тоннасын ғана өңдей алады. Ал, одан алынатын 1300 тонна уатылған резеңке дайын өнім шығаруға пайдаланылады.

Әзірге кәсіпорын ескі дөңгелектерді тегін қабылдайды. Келер жылдан бастап автокөлік жолдары құрылысына қажетті асфальт қоспаларын шығармақ. Яғни, өндірістік қуаттылығы үш-төрт есеге дейін артады.  Бір айта кетері, биыл аймақта өндірістік бағыттағы 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың көбі қалдықсыз өнім шығаруға  бағытталған.

 Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу