Балалар болашағына бағытталған жоба нәтижелі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар болашағына бағытталған жоба нәтижелі

10.11.2017

Заңға қайшы әрекет жасаған балаларды түрмеге қамамай, олардың оңалуына мүмкіндік беру керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдері осындай мақсатта еліміздің Маңғыстау облысы, Өскемен және Қызылорда қалаларында пилоттық жоба әзірледі.  «2013 жылдан бері жүзеге асырылып келген жұмыстың нәтижесі жақсы»,- дейді мамандар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 2013 жылы қылмыс жасаған 345 бала тіркеуде тұрса, биыл олардың саны екі есеге азайған. Себебі, бұл өңірлерде тәрбие беру арқылы сот жүйесінің баламасы ойластырылды. Яғни, арнайы оңалту орталықтары ашылды. Құқық бұзушылыққа барған балалармен психолог, әлеуметтік мамандар жұмыс істеді.

Жалпы, елімізде қылмыс жасаған жасөспірімдерді арнайы мектептерде оқшаулауға Үкіметтен 221 мың теңге бөлінеді. Ал, «ЮНИСЕФ» ұйымы ұсынған жобаға сәйкес, айына 19 мың теңге жұмсап, «баланың санасын өзгертуге» болады. Яғни, 10 есе арзан. Өзге бір статистикалық мәліметтерге жүгінсек, арнайы мектептер мен колониялардан  ұсталған балалардың 91 пайызы қайта қылмыс жасайды екен. Ал сәтті жүзеге асырылған жоба алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлеріне енгізілмек.

Нәзікгүл Ахметқалиева, «Феникс» даму және бейімделу орталығының басшысы:

 - Өскеменде соңғы 3 жылда кәмелет жасқа толмаған 120 бала қылмыс жасағаны үшін тіркеуде тұрған еді. Олар 1 жыл бойы бақылауда болды. Сол уақытта олармен психолог, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеп, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тіркеуден 100-ден астам жасөспірім алынды. Биыл бұл бағдарламаға 36 бала бағытталды.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу