Елімізде отбасылардың ажырасу саны күрт өскен. Мәселен, соңғы 5 жылда 50 мыңнан астам жанұяның шаңырағы шайқалды. Депутат Әли Бектаев Сенаттың кезекті отырысында осы сауалды көтерді. Халық қалаулысының айтуынша, бұған әлеуметтік-экономикалық жағдай ғана емес, жастардың тәлім-тәрбиесінің төмендігі де ықпал етуде. Ал оның алдын алу үшін некесін бұзғандарға баж салығының көлемін ұлғайту ұсынылып отыр.
Отбасының ойраны шыққандардың бірі - Әсел. Ол «сүйген жарымды таптым» деп қосылып, ақырында сол шешіміне өкініп қалды. Тек өзі емес. Себебі, арада ұлы мен қызы әкелік махаббат әрі қамқорлықтан айырылды. Енді «балаларыма толыққанды тәрбие беру қиын» деп күйініп отыр.
Әсел, қала тұрғыны:
- Менің екі балам бар. Әкесі алимент те төлеп тұрады. Ажырасқанбыз. Бірақ, отбасында әкенің орны бөлек. Қастарында болғаны жақсы. Іздейтін жағдайлар болады.
Соңғылықта сот залында осы ажырасу бойынша іс көп қаралатын болған. Некені бұзатындар 25-40 жас аралығында. Бір ғана Алматы ауданында былтыр 1875 іс тіркелсе, биылғы көрсеткіш 2017. Бәрінің де шешімі шыққан.
Сенат депутаты еліміздегі отбасы құндылығының төмендеп бара жатқанына қынжылды. Бұған дәлел – соңғы 5 жылда қарттар үйіндегі қариялар санының 26 пайызға артуы. Ең өкініштісі, сол егде тартқан жандардың 40 пайызының балалары бар. Ал «қарттарын қадірлемеген жастардың отбасы туралы түсініктері де таяз болады»,-дейді.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстан отбасыларын қолдау және отбасы құндылықтарын дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама қабылдауды, Білім және ғылым министрлігі жанынан «Неке және отбасы» институтын ашуды, отбасының бұзылуын тежеу мақсатында неке бұзуға төленетін баж салығының жұптарға материалдық тұрғыда сезілетіндей етіп көбейтуді қарастыруды ұсынамыз.
Нысаналы ЫҒЫЛ