Бауыржан Байбек: Кезекте тұрған әрбір үшінші алматылық биыл баспанаға қол жеткізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бауыржан Байбек: Кезекте тұрған әрбір үшінші алматылық биыл баспанаға қол жеткізеді

09.11.2017

«Видеотіркеуішті өшірдің бе? Жұмыстан кете бер». Бүгін Бауыржан Байбек алматылық полицейлерге осындай ескерту, үндеу жолдады. Оның айтуынша, жол бойындағы жемқорлықты жоюдың жалғыз амалы - осы. Сондай-ақ, әкім мегаполистегі қазылған көшелерге байланысты сынға жауап берді. Қазіргі уақытта батыс елдерінің стандарттарына сәйкес, тарихи орталықтың үштен бірі жаңартылған. Алға жылжу үшін алдағы жолды тазартып тұру керек. Бүгінде бәрі өзгерді. «Жөнделген көшелер алматылықтардың сүйікті орындарына айналды», - деді шаһар басшысы.

 «Алматы базарларында қылмыстық топтар бар». Брифинг барысында Бауыржан Байбек осылай деді. Мәселен,  Дүниежүзілік банктің 10 жыл бұрынғы зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша шаһардағы базарларда 1,5 миллард долларлық айналым бар делінген.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- 1,5 миллиард доллар.  Қазір 84 миллард төлейді. Базарлардан ақша бес-алты есе аз түседі. Ол ақша қайда кетіп жатыр? Мен білмеймін. Сіз де білмейтін шығарсыз?! Сондықтан, сол жақта қолма-қол ақша жүрген кезде әртүрлі топтар болады. «Көмектесеміз, қорғаймыз» деп келеді. Біз құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, әрбір базармен жұмыс істейміз.

Құрылыс жұмыстарының қарқыны 4 есеге артқан

Мемлекеттік бағдарламалар шаһардың экономикасына өте зор әсерін тигізіп жатыр. Осылайша, қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқыны 4 есеге артқан. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1800 үй салынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ғана биыл 4,5 мың пәтер пайдалануға беріледі. «Кезекте тұрған әрбір үшінші алматылық биыл баспанаға қол жеткізеді», -  деді Бауыржан Байбек. Сондай-ақ, әкім «Алматы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныс берді ме?» деген сұрағымызға да жауап берді.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Жалпы, қысқы спорт түрлері үшін инфрақұрылым дайын. Бірақ, Сіздерге ресми түрде айта аламын, Алматы қаласы 2026 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу туралы өтінім берген жоқ.

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіште өсім бар

Алматының экономикасы былтырмен салыстырғанда екі есе өскен. Негізгі капитал инвестициясы да 12,8 пайызға ілгерілепті. Мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай орындалып жатыр.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу