ОҚО-да газдан уланғандар қатары артып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да газдан уланғандар қатары артып кетті

08.11.2017

Күн суытқалы Оңтүстік Қазақстан облысында газ жарылысы мен көмір қышқыл газынан уланғандар қатары көбейіп кетті. Тек соңғы бірер айдың өзінде өңірде осындай 60-тан астам оқиға болды. Салдарынан 14 адам қайтыс болып, 33 азамат зардап шеккен. Бұл өткен жылдың тап осы мерзімімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Апаттың жиілеп кетуіне тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарауы мен жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбауы себеп болып отыр. 

Шымкент қаласының аумағындағы Қарабастау ауылы. Үй иесі өз бетінше газды шланг арқылы  үйіне кіргізіп алған. Ал, тағы бір азаматтың айла-шарғысы одан да асып түсті. Іргеден өтіп жатқан газдың жуан құбырының ішінен көрінбейтін етіп, үйіне желі тартып алған. Бұл қауіпсіздік талабына қарама-қайшы. Мұндай жағдай жаңадан салынған үйлерде жиі кездеседі. Бүгінде облыста табиғи газды тұтынатын 300 мыңнан астам абонент болса, соның 2 мыңдайы «көгілдір отынды» өз бетінше қосып алып пайдаланып отыр. 

Жеңіс Қуанышбеков, «ҚазақТрансГаз Аймақ» АҚ ОҚОФ өндірістік-техникалық бөлімінің жетекшісі:

- Біздің облыста газ кіргізумен айналысатын 100 шақты мердігер бар. Солардың мамандарының тәжірибесінің аздығынан немесе кейбір айлакер іс-әрекетке барып, халықтан ақша жиып, газ қосып беретін жағдайлар бар.

Шіріген мұржа. Істемейтін желдеткіш. Көмірқышқыл газынан улануға себеп болатын негізі жайттар осылар. Көбіне пәтерлерде су жылыту қондырғылары дұрыс орнатылмайды. Газ плиталарындағы ақау дер кезінде тексерілмейді. Салдарынан улы түтін сыртқа шығудың орнына, ішке тарайды.

Нұржан Перназаров, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар қызметі басқармасының инженері:

- Жер үйлерде көп болады. Өйткені, оларда автономды жылыту жүйелері жүргізілген. Көмірмен жылытылады. Құбыр тазаланбайды. Моншаға түскенде қатты отынды мөлшерден көп пайдаланып, улану фактілері болады.

Қауіпті жағдайды азайту мақсатында Төтенше жағдайлар қызметі мен газ саласының мамандары жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, рейдтік шаралар өткізіп жатыр. Олар тұрғындарға  қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, ескертпе нұсқаулықтар таратуда.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ  

Хабарламаларға жазылу