Көкталдағы көпір мәселесі  Ұлттық арна назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкталдағы көпір мәселесі  Ұлттық арна назарында

07.11.2017

Елорда іргесіндегі Көктал ауылының тұрғындары 15 жыл бойы қала мен елді мекенді жалғайтын жалғыз көпірден бейнет көріп келеді. Осыдан бір ай бұрын сол өткелден 6 жастағы бүлдіршін құлап кетіп, мерт болған еді. Сол оқиғадан кейін ғана қалалық әкімдік көпірді жөндеуге тырысқан. Алайда, редакциямызға ауыл тұрғындары хабарласып, билік тарапынан жағдайдың назарсыз қалғанына шағым айтты.

Жандос Темірбековтің айтып отырғаны қыркүйектің 23-де болған қайғылы оқиға. Сол күні 6 жасар ұлын жоғалтты. Балақай қоршауы жоқ көпірден Есілге абайсызда құлап кеткен.

Жандос Темірбеков, қала тұрғыны:

 - Ағаштардың бәрі шіріп жатыр. Оны шамамыз келгенше өзіміз айырбастаймыз. Жылда адамдар кетеді, жалғыз менің балам емес. Білгенімен де,  жоғары жақтан ешқандай көмек жоқ.

Тек сол қайғылы оқиғадан кейін ғана бұл көпірдің екі жағына қоршау орнатылыпты. Сонымен қатар, бұл жердің тұрғындары көктемде Есілдің деңгейі көпірге, деңгейге дейін жетіп, нағыз қауіп сол кезде туындайды деп алаңдаушылықтарын білдіріп отыр.

Көпір қаланың Есіл және Сарыарқа аудандарын байланыстырып тұр. Мұнда 200-ден астам отбасы тұрады. Дүкен, мектеп,балабақша, аурухана,  тіпті, ішетін ауызсу да өзеннің арғы бетінде. Саяжай тұрғындары адам өлімі тіркелмей тұрып, әкімдікке көпірді жөндеу туралы өтініш жазған.

Алайда, бұл жер тұрғын үй салуға арналмаған деп қысқа жауап берілген. Халықтың жанайқайын қалалық әкімдікке жеткізу үшін біз де хабарласып көрдік. Алайда, биліктегілер ешқандай уәж айта алмай, жауап беруден бас тартты. Десе де, жұртшылықтың үрейін туғызып, мазасын қашырған қыл көпірдің мәселесін Ұлттық арна назарда ұстайды.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу