Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында есеп берген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда тараптар келісімінің барлық негізгі шарттары бойынша өзара келісімге қол жеткізді және келіссөздер аяқталуға жақын. Келісім жасасуды тездету мақсатында министрлік, Консорциум мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет отырысында бірқатар министрліктер мен өңір басшылары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта жалпы сомасы 139,5 миллиард теңге болатын 116 келісімшарт жасалған. Дегенмен, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар өңірдің бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарын сынға алды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
- Ұлттық экономика министрі Тимур Мұратұлының айтуынша, Қарағанды облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімді көп жасаған өңір. Алайда, конкурстық кезеңде ешқандай келісім жоқ, құжаттар әзірленбеген. Қарағанды облысы көш бастап тұр деп айта алмаймын. Алдыңғы қатарда Шығыс Қазақстан облысы. Конкурстық кезеңде 64 келісім жасалды. 20 құжат әзірленген. Көш басында тұр деп осы өңірді айтса болады. Ал, келісім жасап алып, ешқандай жұмыс атқармай отырған өңір қайдан алдыңғы қатарда болсын?! Өңір басшысы еркінсініп кетті.
Бақытжан ОМАР