5 жылда ОҚО-дан солтүстікке 22 мың отбасы қоныс аударады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5 жылда ОҚО-дан солтүстікке 22 мың отбасы қоныс аударады

06.11.2017

Бес жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан еліміздің теріскейіне 22 мың отбасы қоныс аудармақ. Ішкі миграцияға байланысты облыс әкімдігі еліміздің солтүстігіндегі 5 бірдей өңірмен өзара меморандум бекітті. Олар: Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы. Осы құжатқа сай бірқатар жұмыс берушілермен келісім жасалды.  Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға бір реттік жәрдемақы және өзге де қаржылай қолдау көрсетіледі. Ауыл шаруашылығы саласында еңбектенемін дегендерге сұранысына қарай жер телімі беріледі. Кәсіпкерлікпен айналысатындарға да қолайлы жағдай жасалады. Ең бастысы, тұрғын үй сатып алу мәселесі жеңілдейді. Енді баспана құнының жартысын банкте жинау шарт емес. Еліміздің солтүстігіне қоныс аударуға ниетті азаматтарға ондағы жағдаймен алдын ала танысып қайтуына мүмкіндік жасалып отыр. Бүгінгі таңға дейін түстіктен теріскейге 153 отбасы қоныс аударған. 

Тұрар Құдайбергенов, Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Кәсіпкерлікті дамыту үшін 5 миллионға дейін гранттар беру қарастырылып отыр. Егер де бақша егемін десеңіз 5 гектарға дейін жер беріледі.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу