Жаңаарқада 6 кәсіпкер аудан әкімінің грантына ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаарқада 6 кәсіпкер аудан әкімінің грантына ие болды

06.11.2017

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында орта және шағын бизнес қанат жая бастады. Қарапайым тұрғындардың кәсіпкерлікке бет бұруына мемлекеттік қолдау негіз болды. Өз ісін ашсам дегендер үшін биыл тұңғыш рет аудан әкімінің гранты берілді. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген  азаматтар шаруасын тіктеп қана қоймай, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр.

Аудан әкімінің грантына ие болғандардың бірі - Дина Төлеукенова. Ол 500 мың теңге қаражатты өзі ашқан цехқа тігін машинасын, үтік және басқа да керек-жарақтарды алуға жұмсапты. Қазір қарамағында бір адам жұмыс істейді. Тігін цехында түрлі тапсырыстар орындалады.

Дина Төлеукенова, тігінші:

- Колледжде оқыдым. Мамандығым тігінші. Жезқазған қаласында жұмыс істедім. Сосын осы Жаңаарқаға келдім. Осында цех ашсам дедім. Мұнда салон жоқ болғандықтан, тұрғындарға қиын болатын. Мен осыны армандайтынмын. Осы көмекпен мен өз арманыма жеттім.

Ал, мына шағын баспахана иесі Жазира Құсайынова. Ол да маусым айында аудан әкімінің гранты үшін болған байқауға өз жобасын ұсынған. Сөйтіп, 500 мың теңге қаражатты иеленді. Қазір осында құжат үшін суретке түсіріп, түрлі баспа қызметін көрсетеді.

Жазира Құсайынова, жас кәсіпкер:

- Әр түрлі қағаздарға басып шығарамыз. Фото қағаздар, пленкада және А4 форматынан А0 форматына дейін. Сонымен қатар, бизнес жоспардағыдай 1 адам жұмысқа алынды. Келешекке деген жоспарымыз көп.

Биыл аудан әкімінің грантын иеленген 6 кәсіпкер осылайша өз ісін бастап кетті. Қаражат тұрғындар үшін ең қажетті деген жобаларға ғана берілді. Ал, облыс әкімінің грантына 8 жоба ұсынылған болатын.

Мұрат Ыбыраев, Жаңаарқа ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бір жоба мақұлданды. Ол - кондитерлік цех ашу жобасы. 2 млн. 300 мың теңгенің грантын иеленді. Бұл жоба қараша айында ашылады деп жоспарлануда.

Жалпы, Жаңаарқа ауданы бойынша қазір 2 мыңға тарта кәсіпкер бар. Биыл 565 миллион теңге бөлініп, 124 жоба несиеленген. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген тұрғындарға аудан әкімінң гранты келесі жылы да берілмек.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу