Базарлардағы баға қатаң бақылауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Базарлардағы баға қатаң бақылауда

17.02.2014
Базарлардағы баға қатаң бақылауда
Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында  Президент «Доллар бағамының көтерілуі  қарапайым халықтың қалтасын қақпауы керек»,- деп қатаң ескертті.
Соның ішінде супермаркеттер мен базарлардағы бағалардың шарықтап кетпеуін жауапты органдарға мықтап тапсырған еді.
 
Сол тапсырма қалай орындалып жатыр? Мәселенің мән-жайына көз жеткізу үшін біздің түсіру тобымыз  Астанадағы халық көп баратын базарға арнайы мамандармен бірге тексеруге шықты.
 
Азық-түлік бағасын реттеп отыру үшін құрылған арнайы жұмыс тобы бүгінде жер-жерде тексеруге шығып, жұмыс істеп жатыр. Байқағанымыз, базарда көбіне импортталатын тауарларға ғана баға қосылған. Әзірге ескі тауарлардың бағасы сол қалпында.
 
Жамаладин Балпанов:
Ресейден келетін кәмпиттер 15-20 пайызға қымбаттады. Біз әлі сатып алған жоқпыз, бірақ.
 
Мамандардың айтуынша, доллар бағасы көтерілген 1-2 күнде азық-түлік бағасы ойнамалы болған. Мәселен, сиыр етінің бастапқы бағасы 1150 теңге болса, 12-ақпан күні оған бірден 100 теңге қосылыпты. Ал 15-ақпанда ол баға 1113 теңгеге түседі. Ал бүгін еттің келісі 1206 теңге. Ұнның бағасы да солай, басында бір келі ұн 93 теңге болса, әуелі 95, кейін 100 теңгеге көтерілді. Қазір 108 теңге.
 
Астана базарларындағы көкөніс түгелдей аймақтардан келеді. Бір апта болды, өңірлер тауарларын бас қалаға жеткізуге құлықты емес. Себебі, біздің дәнді-дақылға көрші Ресейдің сұранысы жоғары. Ал саудагерлерге өз жерлестеріне сатқаннын гөрі, көршіге сатқан әлдеқайда тиімді. 
 
Мұрат Далабаев, Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Қоймадағы тауар түрлері Ресейге кетіп жатқандықтан, баға қосылуы мүмкін.
 
Қалай болғанда да, азық-түлік бағасы шарықтамаса да, сәл қымбаттайтыны кез-келгенге аян. Себебі, біздегі тауарлардың көбі импортталып келеді. Тіпті өзімізден шыққан күнде де, оның қорабы, қаптамасына дейін сырттан тасымалданады. Дегенмен, базар басшылығы саудагерлермен бір мәмілеге келіп отыр.
 
Қайырлы Таукен, кәсіпкер:
Доллар көтерілген күні мен саудагерлерді жинап алып, бұрынғы бағадан көтермеңдер, деп айттым. 
 
Қарапайым халыққа керекті тауарлар бағасының шарықтамауын Елбасының өзі қатаң бақылап отыр. Ал арнайы құрылған комиссия тексеру жұмыстарын бүгін-ертең тоқтатпақ емес.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу