Құрылысшыларға қоқан-лоқыда ауыл әкімі жұмыстан кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылысшыларға қоқан-лоқыда ауыл әкімі жұмыстан кетті

31.10.2017

«Мас әкім» жұмыстан кетті. Осыдан бірер апта бұрын ішімдік ішіп алып, құрылысшыларға қоқан-лоқы көрсеткен Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Елтай ауылдық округінің әкімі Қайырбек Аманғалиев жайлы айтқан болатынбыз. Бүгін осы дерекке орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті тексеріс қорытындысын жариялады.

Оқиға тамыз айында болған. Әуесқой түсірілімдегі Қайырбек Аманғалиев ол кезде Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. Еңбек демалысында жүріп жексенбі күні кешкісін жұмыс істеп жатқан құрылысшыларға келіп киліккен. Ауылдағы саябақты қоршап жатқан жеке кәсіпкердің жұмысшыларын балағаттап, дөрекілік танытқан. Бірақ, араға апта салып мемлекеттік қызметкердің лауазымы жоғарылап шыға келген. Ол Елтай ауылдық округінің әкімі болып сайланады. Осы оқиғадан соң кәсіпкер Нұрлы Қуанова құзырлы мекемеге шағымданды. Мамандар болған жайды тексеріп, мемлекеттік қызметкердің Әдеп кодексі талаптарын өрескел бұзғанын растады.

Жақсат мұратов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басқармасының басшысы:

- Департамент тарапынан тексеру нәтижесі бойынша Сырым ауданы әкіміне тиісті шаралар қабылдау, яғни, алдағы уақытта әдеп нормаларының қатаң сақталуы жөнінде ұсыныс берілді. Осы ұсыныс қарау нәтижесі бойынша 25 қазанда Сырым ауданы әкімі аппаратынан түскен ақпаратқа сәйкес, Елтай ауылдық округінің әкімі Аманғалиев атқарып отырған лауазымынан босатылды.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу