Алматы облысының Мұсабек ауылында жерасты сулары көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Мұсабек ауылында жерасты сулары көтерілді

31.10.2017

Алматы облысының Мұсабек ауылында жерасты сулары көтеріліп, соя алқаптары су астында қалып, шаруалар өнімін жинай алмай қиналып жатыр. Ала жаздай еңбегі зая кетіп, шығынға батып жатқан диқандар арнамызға хабарласып, араша сұрады. Ауыл тұрғындарының мұңын өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тыңдап қайтты.

Бірнеше шаруа қожалығының 70 гектар соясы су астында қалды. Орақ науқанының қызған сәтінде алқапқа техника кіре алмай, шаруаларды діңкелетті. Кіргені батып қалып жатыр.

«Әр гектардан кемінде 2 тонна өнім аламын» деген шаруалардың үміті үзілді. Қазір нарықта сояның әр тоннасы 100 мың теңгеден деп есептесек, 14 млн. теңге. «Қыруар қаржы далаға кетті, еңбегіміз еш болды», - дейді шаруалар.

Айдын Естемесұлы, ауыл тұрғыны:

- Осы жанайқаймен не көмір алған жоқпыз. Бала-шағамыз бар бес-алтыдан. Оған нан алып береміз бе, әлде алқабымызды қазамыз ба? Не істейміз? Миымыз ашып кетті.

Жерасты суларының көтерілуіне ауыл сыртындағы дренаждық жүйенің қараусыз қалғаны себеп болған. 30 жылдан бері бірде-бір рет тазаланбаған каналдарды қамыс басып кеткен.

Асқат Оралов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Неше жыл қазылған жоқ. Арнасы бітеліп тұр. Қамыс басып тұр. Біз осы ауылдың тұрғынымыз ғой. Бала күнімізде малтып өтетінбіз. Малту тұрмақ, бұл қазір менің тіземнен келетін шығар.

Жерасты суы алқапты қойып, ауыл ішіне де жеткен. Қазір кез келген үйдің азық сақтайтын жертөлесі суға лық толы. 

Ауылдың қақ ортасындағы жертөлелердің бірінде су тізеден келеді. Ауыл тұрғындары бұл су көктемде үйіміздің іргесін шайып кетеді деп алаңдаулы.

Жергілікті билік бұл мәселені шешуге қауқарсыз. Неше жылдан бері қараусыз жатқан каналдар енді ғана сот шешімімен ауыл әкімдігінің  балансына берілді.

Жандос Жұмағұлов, Мұсабек ауылдық округінің әкімі:

- Барлығы 28 шақырым жер келесі жылы тазаланады деп жоспарлап отырмыз.

Мұсабек ауылынан өзге Көксу ауданының бірнеше елді мекені жерасты суының зардабын тартып отыр. «Мәселе облыс деңгейінде шешілмесе, келер жылы да жағдай қайталануы мүмкін», - дейді шығынға батқан шаруалар.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу