Аң-құсты заңсыз аулағандардың жолы кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аң-құсты заңсыз аулағандардың жолы кесілді

30.10.2017

Қазір аңшылық маусымының қызған шағы. Аң-құсты оңды-солды қыратындар заңға пысқырып та қарамайды. Алматы облысында жыл басынан бері 700-ден астам заңбұзушылық тіркелген. Негізінен балық және аң аулау фактілері жиілеген. Осындай жайттардың алдын алу үшін табиғат қорғаушылар әуе рейдін ұйымдастырды.

Құрақсу көлдер жүйесі - табиғат ананың аңшыларға сыйлаған тамаша тартуы. Себебі, бұл жер аң-құсқа және балыққа бай өңір. Әуе рейдінің алғашқы күнінде табиғат қорғаушыларына кездескен азаматтардың құжаттары дұрыс, аң-құс атуға лицензиясы бар екен. Тек қайықтағы  балықшылар тыйым салынған ау қолданғанын мойындамай әлек қылды.

Мамандардың бұлтартпас дәлелі болғандықтан, балықшылар өз кінәсін мойындады. Олардың резеңке қайығы тәркіленді.

Әрбір азамат қармақпен бес келі балық аулауына болады. Алайда, сол бес келіні қанағат тұтпағандар өзен-көлдерге рұқсатсыз ау құрады. Мемлекеттік инспектор сондай аулардың бәрін жинап келді.  

Мұндай арзан аулардың қоршаған ортаға тигізер зияны орасан. Суда балық та, құс та шырмалып қалады. Полипропиленнен жасалғандықтан, шірімей ұзақ жылдар жата береді.

Екінші күні табиғат қорғаушылары Алакөл көлдер жүйесі мен Жоңғар Алатауының сілемдерін бір сүзіп өтті. Айдын жағасында емін-еркін құс атуға шыққан топтың мылтықтары құжатсыз болып шықты. Сондай-ақ, қару сақтау ережесін сақтамаған. Егер бұл азаматтар қаруларының құжатын тауып бермесе, оларға заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Ринат Қумашев, мемлекеттік инспектор:

- Жыл басынан шамамен 700 табиғат заңбұзушылығы анықталды. Оның ішінде 500-і балық аулау ережесін бұзғаны үшін. Сондай-ақ, 200-і аң және орман заңын бұзғаны үшін.

Аң-құс атып, балық аулау біреуге кәсіп, енді біреуге ермек. «Дәл сол ермек қуғандар табиғатқа орасан нұқсан келтіруде», - дейді мамандар. Тәртіпке бағынбағандарды тезге салу үшін осындай рейдтік шаралар жиі ұйымдастырылмақ.  

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу