Әшекейлерде ортақ таңба болуы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әшекейлерде ортақ таңба болуы қажет

26.10.2017

Қазақстандағы зергерлік бұйымдардың көпшілігіне сапасын анықтайтын ортақ таңба қойылмаған. Соның салдарынан заңсыз әшекей бұйымдардың саудасы қызып тұр. Бұл біріншіден, халықтың қалтасын қанау болса, екіншіден, заңды түрде тіркеліп, салық төлеп отырған компанияларға зиян. Елдегі белді кәсіпорын өкілдері осылай деп шағымданды.

Жылтыраққа жаны құмар Жайнагүл Маграмова жалақысын алысымен көптен көздеген күміс сырғаны  сатып алады. Алайда, аз-уақыт өтер-өтпес сәнді бұйымның сапасы сыр берген. Тексерткені сол-ақ еді. Алданғанына көзі жетті.

Жайнагүл  Маграмова, қала тұрғыны:  

 - Басында мына сырғаны қызығып алғанмын. 20 000 теңге көлемінде болды. Бірақ, кейіннен сырға қарая бастады. Мамандарға көрсетіп едім. Жасанды екен.

Қазақта кәдесый дәстүрі жетерлік. Әшекейге әлбетте сұраныс бар. Алайда, сапасыз, сәнді бұйымдарды көлеңкелі кәсіп қылғандар халықты қармағына түсіруді әдетке айналдырған. Мұның қатарында отандық өндірушілер мен импорттаушылар да бар.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Әдемі әрі сапалы әшекейді жақсы көрмейтін нәзік жанды жоқ шығар. Бірақ, сапасына келгенде біліміміз таяз. Сондықтан да мамандар мына бір кішкентай тасқа назар аудару керектігін айтады. Бұл оның түпнұсқа екендігін білдіреді.

Тас тәрізді кішкентай таңбада барыс мүсіні  бейнеленсе, бұл оның заңдастырылып, зерттеуден өткенін, стандартқа сай екенін білдіреді. Елдегі 76 жылдық тарихы бар «Қазақювелир» компаниясының өнімдерінде бұл белгі бар. Алайда, түзу жолдан тайған саудагерлер дәл осындай белді кәсіпорындардың жұмысына  кедергі.

Алмаз Жұмашев, «Қазақювелир» АҚ зергерлік зауытының  директоры:

 - Шеттен келіп жатқан әшекей тауарларының 90 пайызы заңсыз. Олар арзан бағамен сатуды біледі. Мемлекетке салық төлемейді. Соның салдарынан салық төлеп отырған біздің кәсіпорындардың саудасына кедергі келтіреді.

Кәсіпорын иелері мұның себебін кейбір елдермен кедендік бақылаудың жоқтығынан деп отыр. Сондықтан да дер кезінде қолға алмаса заңның дәрменсіздігі мемлекет пен кәсіпкерлерді, тіпті қарапайым халықты да шығынға шаш етектен батыруы әбден мүмкін.  Елімізде бағалы металдардың сапасын зерттейтін 5 зертхананың бірі Алматыда орналасқан. Тексереді, талапқа сай келсе, таңба бедерін салады. Дегенмен, бәрін бірдей міндеттеуге құқығы жоқ.

Мүфтиғазы Мағауиянов, сынама орталығы директорының орынбасары: 

- Сатудағы бұйымдардың бәрі осындай сараптамадан өту керек. Соның бетінде таңба болу қажет. Олай болмаса, заңсыз сатылымда жүр деген сөз.

Инвестициялар және даму министрлігі  болса, зергерлік бұйымдарға арналған жол картасын әзірлеп жатқандығын айтады. Бұл жоба ортақ таңбаны қолға алып, орынсыз сауда жасағандарды бір мүддеге орайластыруды көздейді. Демек, алдағы уақытта заңсыз сауда әрекеті сап тыйылуы да әбден мүмкін деген үміт бар. Сол кезде халық Жайнагүл сияқты алаяқ саудагерлердің қақпанына түспейді.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу