Қостанайда боранға байланысты көлік апаттары күрт көбейіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда боранға байланысты көлік апаттары күрт көбейіп кетті

24.10.2017

Алғашқы қар қостанайлықтарды едәуір әуреге салды. Көктайғақ болып қозғалыс қиындады. Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін күшейіп боран соқты. Бір тәулікте облыста 29 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 4 адам түрлі дене жарақатын алған. Апатқа ұрынған көліктердің бәріне қысқы дөңгелектер орнатылмапты. Сөйтіп, қазанда жауған қар қостанайлық жүргізушілерді қапыда қалдырды. Қазір дөңгелек ауыстыратын жердің бәрінде ұзын-сонар кезек. 

Абылай Дәндібаев, облыстық ІІД жол қозғалысын бақылау инспекторы:

- Жүргізушілерге уақыт оздырмай көліктеріне қысқы дөңгелектер орнатуға кеңес береміз. Сонымен қатар, қозғалыс кезінде барынша абай болуға шақырамыз. Әсіресе жаяу жүргіншілер өтпесінен, әлеуметтік нысандар тұсынан өткенде жылдамдықты барынша баяулатқан жөн.

Серік Батырғалиев, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Қыста көрмеген боранды кеше көрдік. Сағатына 10-20 км. жылдамдықпен шамалы жерді 2-2,5 сағат жүрдік. Сағат 6-да тұрып, 7-де осында келдік. Қазір сағат 12, кезек енді келді міне.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу