Қос мемлекеттің үкімет басшылары Астанада кездесіп, келіссөз жүргізгеннен кейін 19 қазан түнгі сағат 00:00-ден бастап, екі елдің мемлекеттік шекарасын кесіп өтудің басым тәртібі енгізілді. Сол шешімге сай, Қордай учаскесінде жолаушылар мен көліктер және бос жүк көліктері еркін қатынап жатыр.
Қазақстанның Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстаннң Үкімет басшысы Сапар Исақовтың келіссөзіне сәйкес, шекараны кесіп өтудің басым тәртібіне қол жүктерімен өтетін жеке тұлғалар, жолаушылар тасымалдайтын автобустар, жеңіл және бос жүк көліктері ие. Шекарашылар берген соңғы мәліметке қарасақ, 19 –шы қазан түнгі сағат 00:00-ден бастап, 20-шы қазан түнгі сағат 00:00-ге дейін тәулік ішінде Қордай учаскесі арқылы 16 мыңнан астам адам мен 2 мыңнан аса көлік өткен.
Шекарашының сөзінше, «Қордай» шекаралық бақылау өткізу бекетіндегі жағдай қалыпты. Бұған өзіміз де куәміз. Жолаушылардың кептелісі мен кезек көрген жоқпыз. Бүгінде шекарадан тәулігіне 9 мыңға жуық тұлғалар мен 1000-нан астам көлік құралдары тексеріліп жатыр. Ал, жоспарлы шекаралық операция әрі қарай жалғаса бермек. Он күннен бері жүздеген заң бұзушылық тіркелді.