Барлауға бөлінетін қаржы жеткіліксіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Барлауға бөлінетін қаржы жеткіліксіз

19.10.2017

Елімізде  барлау саласына 1 шақырымға 7 доллар бөлінеді. Бұл қаржы жеткіліксіз, себебі  басқа елдерде бұл көрсеткіш отыз есе  артық. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Атырауда көшпелі отырыс өткізіп, «Жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасын талқылады. Депутаттар жаңа құжаттың тиімділігі зор, - дейді. Мәселен, бұрын барлау жұмыстарын жүргізу үшін, лицензия алу немесе келісімшарт құжаттарын рәсімдеуге  12-18 ай уақыт кететін.  Ал, жаңа заң жобасы осы мерзімді 10-15 күнге дейін қысқартуды көздеп отыр. 

Шавхат  Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Жалпы, бұл кодекстің алдында тұрған мақсаттарды үш бағытқа бөлуге болады. Біріншіден, осы жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру. Екінші, осы жер қойнауы саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту. Үшінші, соның арқасында сергек жұмыстардың нәтижесі ол біздің минералдық базамызды толықтыру. Міне, осы бағытта нормалар реттелген.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Павлодар облысындағы көшпелі отырысында елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Өңірдегі ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау көздеріне қолжетімдігі тек 19,8%.

Депутаттар облыстың үш ауданында сумен жабдықтау желілерінің салыну және топтық су құбырын қайта жөндеу барысымен танысып, сондай-ақ, су құбырларын тазалайтын құрылыс объектілері мен су сорғылау станциясын аралады. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы 6 мың шақырымға жуық авария жиі болатын су мен су бұру желілерін жаңғыртуды көздейді.  

Индира МЕРЕКЕНҚЫЗЫ                                  

Хабарламаларға жазылу